Факультет жаңалықтары (Экономика)

2021 жылдың 26наурыз күні философия және саясаттану кафедрасының ұйымдастыруымен zoom платформасында университетіміздің студенттері арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына арналған «Тәуелсіздік – еліміз өркендеуінің алғышарты» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Экономика және құқық факультетінің оқытушылары, кураторлары мен студенттері және университетіміздің басқа да бірқатар факультеттерінен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Кульбаева Дина Дүйсебайқызы кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жарияланғанына тоқталып, мақалада баяндалған Тәуелсіз Қазақстанның басып өткен белестері мен еліміздің болашаққа бағдары жайлы ойларға шолу жасап, түсінік беріп өтті. Дина Дүйсебайқызы өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдары басып өткен негізгі кезеңдеріне тоқталып, сол кезеңдердің ерекшеліктері мен өткен уақытта еліміз қол жеткізген жетістіктерді атап өтті.

Одан кейін сөз сөйлеген аға оқытушы Баярисов Режеп Оразбайұлы мақаланың «Таным және тағылым» атты тарауына талдау жасап, түсінік беріп кетті. Президент өз мақаласында халқымыздың тарихи санасын жаңғыртудың маңыздылығы жайлы айтып өткен болатын. Бұл мақсатқа жетуде әсіресе тарихи тақырыптарға арналған фильмдердің атқарар қызметі жоғары. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет» деп атап айтқан болатын. Бұл мазмұны терең сындарлы ой өнер қайраткерлерінің назарында болуы тиіс. Режеп Оразбайұлы сонымен қатар мемлекет басшысының тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлері жайлы айтқан сөздеріне тоқталып, оларға шолу жасап өтті. Одан әрі қарай Режеп Оразбайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз тәуелсіздігінің бастауы болған қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы жайлы айтқан сөздерін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде «азаттықтың алғашқы қарлығаштары –Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек»деп айтқан болатын.

 Келесі сөз сөйлеген философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Мырзапайзова Гүлшат Уразбекқызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы «Ұлағат пен ұстаным» атты тараудың мазмұнына тоқталып, шолу жасап өтті. Президент өз мақаласында «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді» деп көрсеткен болатын. Сондықтан да Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – қоғамдағы осы сұранысқа тікелей жауап болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн» деп атап өтті. Сол себепті алдағы уақытта елімізде ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшетіндігімізді жария етті. Президент өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деп, мақсатымызды айқындап атап өтті.

 Дөңгелек үстелді қорытындылап сөз сөйлеген Режеп Оразбайұлы студент жастарға елімізді өркендету үшін білімді әрі білікті мамандар қажет екенін айта келіп, оларды еліміздің тәуелсіздігін одан әрі қарай нығайтуға үлес қосатын азамат болуға шақырды. Ол мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының мазмұнын студенттер арасында алдағы уақыттада насихаттау қажет екендігін айта келе, дөңгелек үстелге қатысушылардың істеріне табыс тілей отырып, өз сөзін аяқтады.

Баярисов Режеп Уразбаевич

«Философия және саясаттану» кафедрасының

аға оқытушысы

 

Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез-келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 4 жыл бұрынғы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылайша Қазақ Елінің болашағын білікті жастармен байланыстарын ерекше атап өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің ғалымдары мен студенттері Ұлт Көшбасшысының бұл пікірін толықтай қолдап отыр.

Кез-келген елдің болашағы қашан да өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Сол себепті де, Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет бұл – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта айқындалған бағасы, не болмаса сапасы жағынан өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.

Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарына болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сондықтан, оған әрдайым ерекше басымдық берілетіні белгілі. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда.

Болашаққа бағдар ретінде факультетіміздің ғалымдары және білім алып жатқан жастарымыз Елбасының осы сөздерін өздерінің алға қойған өмірлік мақсаттарына енгізе отырып, еліміздің рухани тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосып отырғаны анық.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді жаулаған қатерлі індеттің тарауына бой бермей, қашықтан оқыту жүйесі арқылы цифрлық сауаттылықтарының едәуір талапқа сай екендерін дәлелдеуде. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты.

«Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», - дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы.

Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай - талай жаңалық ашар білімділер керек. Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек.

“Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан!”- деп Ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, осы нақыл сөзді жадымызда сақтай білейік!

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

«Менеджмент» кафедрасының

аға оқытушысы, э.ғ.м.

Қазіргі таңда нағыз пәрменді әлеуметтік саясат – ол халықты жұмыспен қамту туралы саясат болып табылады. Екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендер ауылда да, қалада да аз емес. Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселе болып отыр.  Осы бағытта, Үкімет түрлі бағдарламалар дайындап, халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп жатыр.

Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталығы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жұмыс істейді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарының негізгі мақсаты – азаматтар мен жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру болып отыр.

Осы орайда,  биылғы жылғы тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Менеджмент» кафедрасының «Менеджмент» және «Мемлекетті жергілікті басқару» мамандықтарының  кураторлары Сулейменова Индира Қосаманқызы және Қалымбетова Салтанат Досымжанқызының ұйымдастыруымен В17МД - 1, 3,4; В17ГМУ – 4 тобы студенттерінің қатысуымен «Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары» тақырыбы бойынша ашық онлайн кездесу өткізілді. Кездесуге «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның бас есепшісі Сапаров Алмас Қуанышұлы және Жамбыл ауданы әкімдігінің Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы Құтжан Бақытжан Райымбайұлы шақырылды. Кездесу тығыз талқыға салынып, шақырылған қонақтар жұмысқа қалай орналасулары жөнінде, сонымен қатар қазіргі таңда жұмысқа орналасу үшін қандай талаптар қойылатыны жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. студенттер өз сұрақтарының жауаптарын алғандарына дән риза болды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

«Менеджмент» кафедрасының

аға оқытушысы, э.ғ.м.

Сулейменова Индира Қосаманқызы

12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жарлық шығарып, 12 сәуірді ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітті. Мерекелеу күні – 12 сәуір деп бекітілуі бекер емес. Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Бүгінде ғылым адамзат тіршілігінің барлық саласын дамытудың басты факторына айналды. Ұлттық ғылымның заманауи және тиімді жүйесін қолдай білу қасиеті ғылыми жетістіктер санын сөзсіз еселей түседі. Сондай-ақ ғылым елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытушы маңызды сала.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ғылыми қызметкерлер кәсіби мерекесі күніне сәйкес, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Экономика және құқық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы «Алғыс хатпен» марапатталды. Осы жетістіктеріне орай, «Менеджмент» кафедрасының оқытушылары «Алғыс хат» алу қуаныштарымен бөлісті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университеті

«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы,

э.ғ.м. Сулейменова Индира Қосаманқызы

Дулати университеті студенттерінің «Білім және білік» тақырыбында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Абай жолы» тарихи драмалық телехикаяның қоюшы режиссері, сценарист Мұрат Есжанмен кездесу өтті.

 

 

«Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы Алтынбекова З.Т. ұйымдастыруымен кафедраның тәрбие жоспарына сәйкес 2021 жылдың 21 сәуірінде Дулати университеті студенттерінің «Білім және білік» тақырыбында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Абай жолы» тарихи драмалық телехикаяның қоюшы режиссері, сценарист Мұрат Есжанмен кездесу өтті.

Тәрбиелік іс-шараның мақсаты: студенттердің білімге, өнерге қызығушылығы мен іздемпаздылығын арттыру; студент жастардың тұлғалық мәдениетін қалыптастыру; Отансүйгіш патриот жастарды тәрбиелеу.

Іс-шараға университеттің «Мұнай, газ және механика», Су шаруашылығы, экология және құрылыс», «Технологиялық» факультеттерінің 2 курс студенттері (40 жуық), кафедраның ПОҚ қатысты.

Кіріспе сөзінде модератор шақырылған қонақ Мұрат Есжанды таныстырып өтті. Мұрат Есжан магистратураны АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Өнер академиясында оқып, сценарист мамандығы бойынша бітіріп, елге киносценарист болып оралды. АҚШ-та оқып жүріп ағылшын тілінде қысқаметражды "I'm going to Paris", елге ораланында 2018 жылы қазақ тілінде "Тиын" деп аталатын фильмдерді түсірді. 2020 жылы желтоқсан айында "Хабар" арнасында "Абай жолы" тарихи-драмалық 6 бөлімнен тұратын телехикаясы көрермендер назарына ұсынылды. Сұхбат спикерге қойылған сұрақтары төңірегінде жүргізілді: 1) Шетелде білім алудың артықшылығы мен кемшілігі? 2) «Абай жолы» телехикаяның басқа драмалық кинолардан ерекшелігі неде? 3) Киносценарист маманы ретінде сіздің ойыңызша әлемдік деңгейдегі рейтенгі жоғары болған «Сұлтан Сүлеймен», «Паразиты» сынды кино түсіру үшін біздің кино мәдениетіміздің жетілуіне, заманауи талапқа сай келетіндей не жетіспейді?

Мәселен, шетелде білім алудағы артықшылықтары мен кемшіліктері неде? - деген сұраққа Мұрат Есжанның берген жауабы студенттерге білім алуда қажет дүниелер мен тұстарын түртіп алатындай ой салды. «Абай жолы» телехикаясының басқа драмалық кинолардан ерекшелігі неде? – деген сұраққа: «Тарихи-драмалық туынды әйгілі жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу барысы мен Абай өмірінің романға арқау болған кейбір сәттерін баян етеді» - деп жауап берді. Үшінші қойылған сұраққа: Киносценарист ретінде сіздің ойыңызша әлемдік деңгейдегі рейтингі жоғары «Сұлтан Сүлеймен», «Паразиты», «Чернобыль» сынды кино туындыларын түсіру үшін біздің кино мәдениетіміздің жетілуіне, заманауи талапқа сай келетіндей не жетіспейді? – былай жеп жауап берді: «Әрине ең алдымен қаржы, екіншіден уақыт ресурсы. Сондай ақ кез-келген киносценарист, қоюшы режиссер болсын өз тарихын, тамырын терең білгені жөн». Студент жастарымызға топ-3 нақты аға буын ретінде қандай ақыл кеңесіңізді берер едіңіз деген сауалға: 1. Ерте жату. Ерте жатсақ, ерте тұрамыз. Соның есесіне, біраз жұмысымыз орындалады; 2. Ағылшын және орыс тілдерін жеткілікті дәрежеде міңгеруді мақсат тұту; 3. Өз салаңыз бойынша қосымша кітаптарды көп оқу керек – деп жауап берді.

Екі сағатқа созылған іс-шара сондай ақ студенттердің спикерге қойылған сұрақтарымен, яғни сұрақ-жауап айдары қызу пікір алмасумен өтті. Жиын соңында студенттер мен кафедра ПОҚ Мұрат Есжанға алғысын білдіріп, алдағы уақытта киносценарист маманы ретінде жастар аудиториясына қызықты, тәрбиелік мәні бар рейтингі жоғары туындыларын күтетінің айтты.

«Философия және саясаттану» кафедрасының

аға оқытушысы Алтынбекова З.Т.

Жамбыл атындағы №5 орта мектеп – Тараз қаласындағы бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар, білім беру деңгейі жоғары, мұғалімдерінің біліктілігі заман талабына сай оқу орны болып табылады. Мектеп ұжымы өз түлектерін ересек өмірге аттандыратын соңғы қоңырауға орай өткізілетін салтанатты жиынға әрқашан да аса үлкен жауапкершілікпен дайындалып, жоғары деңгейде өткізеді. Сонымен қатар, мектепте соңғы қоңырауға байланысты өткізілетін салтанатты жиынға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті оқытушыларының ылғи қатысып отыруы игі дәстүрге айналған.

Салтанатты жиынға қатысатын университет оқытушылары мектепте кәсіби бағдар жұмысын жүргізу аясында мектеп түлектерін университетте дайындалатын мамандықтар бойынша білім алуға, сол үшін университетке оқуға түсуге шақыратын. Жалпы, университетімізде Жамбыл атындағы мектептің түлектері көп жылдардан бері үздіксіз оқып келеді және ол мектеп пен университет арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі деп айтуға болады.

Көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша, Жамбыл атындағы мектептегі  кәсіби бағдар жұмысын Экономика және құқық факультетінің философия және саясаттану кафедрасы жүргізеді. Міне, биыл да философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы Жамбыл атындағы мектепте соңғы қоңырауға байланысты өткізілген салтанатты жиынға университет атынан қатысты. Салтанатты жиын оған қатысушылардың Қазақстан Республикасының Гимнін тұрып тыңдауынан басталды. Одан кейін салтанатты жиынды мектеп директоры Салтанат Ержігітқызы Төлеу бастап берді. Ол мектеп бітіріп жатқан түлектерге алдағы бастап отырған ересек өмірлерінде табысты болып, жоғары оқу орындарына түсіп кетулеріне тілек білдірді. Келесі сөз кезегін алған Жамбыл мектебін көп жыл басқарған бұрынғы директоры Нүркен Нұрмағанбетқызы Қасымова мектеп түлектеріне осы мектепте оқып, білім алғандарына мақтаныш сезімінде болып, Жамбыл мектебінің түлегі деген атқа лайық болуға шақырды. Ол сонымен қатар мектеп түлектерінің алған білімдерін өз елінің игілігіне жұмсау қажет екендігі жайлы айтты.

Сөз кезегі берілген аға оқытушы Режеп Оразбайұлы Баярисов оқушыларды мектеп бітірулерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта өмірлік азық болатын кәсіби білім алу қажеттігін  айтты. Ол үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсуге шақырды. Университетте білікті мамандар білім беретіндігін, қазіргі заманда қажетті көптеген мамандықтар дайындалатындығын айта келіп, Жамбыл мектебінің көп түлектері университетте білім алудың арқасында тамаша табыстарға жетіп жатқандығын тілге тиек етті. Өз ойын қорытындылай келе, Режеп Оразбайұлы Жамбыл мектебінің түлектеріне Дулати университетінің есігі әрқашан да ашық екендігін айтып, сөзін аяқтады. Содан кейін мектеп түлектері өздерінің ұстаздарына арнап дайындаған ізгі тілектері мен концерттік бағдарламаларын көрсетті. Олар айтқан шынайы ізгі тілектері мен айтқан өлеңдері өте әсерлі шығып, ұстаздарын толқыныс сезіміне бөледі. Қорыта айтқанда, Жамбыл атындағы мектептегі соңғы қоңырауға байланысты өткізілген салтанатты жиын өте әсерлі, қызықты әрі мазмұнды болды. Енді оларды келесі оқу жылында университет қабырғасында күтеміз!

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, мамыр айының 26-30 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында таэквондодан ХI жазғы универсиада өтті. Таэквондо десе, бірден аяқ күшімен шайқасатын спорт түрі көз алдымызға келеді. Аталған универсиадаға «Менеджмент» мамандығының 4 курс студенті, аталмыш  спорт түрін серік еткендердің бірі - Құрманбеков Арманжан қатысты. Құрманбеков Арманжан - қайсар жігітіміз бұл жарыста да жүлдесіз қалмады. Университетіміздің намысы үшін бар күшін салып, 2 орын иегері атанды.

«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.м.

Сулейменова Индира Қосаманқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауы еліміздің дамуының жаңа міндеттерін айқындап берді. Жолдау жүктеген маңызды міндеттердің ішінде халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыруға, ұлт сапасын арттыруға баса мән беру керектігі ерекше аталып өтті.

Жаһандану заманында әлемдегі озық, экономикасы тұрақты мемлекеттердің басты активі - халықтың ұлттық мәдени құндылықтарынан бастау алған ортақ идеясы екендігіне Президенттің «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті - ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» деген сөзі дәлел.

Президент өз Жолдауында білімсіздіктің салдарын, проблема ескерілмеген жағдайда мемлекетке тигізетін зардабын болжап, айшықтап берді. «Демократияның басты жауы - білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді».
Білімсіздік салдарын алысқа бармай-ақ статистикадағы мәліметтерге көз жүгіртіп шығу арқылы да түсіне аламыз.

Галия Аусагатова, экономика және құқық факультетінің аға оқытушысы