News

ОБЛЫСТЫҚ ВОРКШОП-СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Педагогикалық психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ: жеке шекараны тану және қорғау» тақырыбында облыстық воркшоп-семинар өтті.

Семинар мақсаты – білім алушыларға жеке шекара ұғымының мәнін терең түсіндіру, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, жастардың психологиялық және құқықтық сауаттылығын арттыру.

Факультет деканы, ф.ғ.к. Айсұлу Тұрарова алғы сөз алып, қазіргі қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Ол жастардың қауіпсіз ортада білім алуы мен тұлғалық дамуы үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтіп, спикерлерге сәттілік тілеп, қатысушыларды белсенді пікір алмасуға шақырды.

Воркшоп-семинар барысында педагогика, психология, әлеуметтік жұмыс және құқық қорғау салаларының тәжірибелі мамандары өз баяндамаларын ұсынып, жеке шекара ұғымының психологиялық және құқықтық негіздерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Айбала Мамбетова «Жеке шекара ұғымы және оны бұзатын харассмент, кэтколлинг, сталкинг секілді мінез-құлық түрлері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, студенттерге күнделікті өмірде кездесетін шекара бұзушылық әрекеттерді ажырату жолдарын түсіндірді. Ал, Жамбыл облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» тақырыбында сөз сөйлеп, отбасындағы қауіпсіз ортаны қалыптастырудың құқықтық және профилактикалық тетіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, Тараз қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Анар Мусаева құқық қорғау органдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, азаматтардың құқықтық қорғану мүмкіндіктерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығы директорының орынбасары Ришат Райф «Өз шекараңызды қорғау – әлсіздік емес, құқық» тақырыбында азаматтардың құқықтық санасын арттыру мәселесін көтерді. Тараз қаласы №64 орта мектебі директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгуль Коржимбаева жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу бағытындағы мектеп тәжірибесімен бөлісіп, болашақ педагогтарға арналған практикалық кеңестер ұсынды. Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы, гештальт және психокатализ бағытындағы психотерапевт Саламат Момынова «Харассменттің психикаға әсері: көрінбейтін жаралар» тақырыбында баяндама жасап, зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары мен жеке шекараны қорғаудағы тиімді әдіс-тәсілдер туралы түсіндірді. Ол студенттермен бірге тұлғалық даму мен тиімді тұлғааралық қарым-қатынасқа бағытталған психологиялық тренингтер жүргізді.

Семинар барысында білімгерлерге «Қауіпсіз қарым-қатынас жағдайындағы жеке шекараны сақтау және жауапты мінез-құлықты бағалау» тақырыбында рефлексиялық психологиялық сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, студенттердің жеке шекара туралы түсінігі мен құқықтық сауаттылық деңгейінің артқаны байқалды.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған воркшоп-семинарға қатысқан мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің өкілдері басқосудың мазмұндық сапасын, практикалық маңызын және жоғары ұйымдастыру деңгейін ерекше атап өтті. Қатысушылар көтерілген тақырыптардың өзектілігі мен қоғамдық мәніне тоқталып, мұндай форматтағы кездесулердің жастар арасында құқықтық және психологиялық мәдениетті қалыптастыруда тиімді алаң екенін жеткізді. Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілдері зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтіп, алдағы уақытта бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.
Осыған орай, кафедра меңгерушісі, PhD Эльмира Айтеноваға және аға оқытушы, психология магистрі Айбала Мамбетқызына облыстық деңгейде өткізілетін іс-шараларға арнайы шақырту жасалды.

Семинар соңында мазмұнды баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөліскен спикерлерге Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Қонақтар өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.