Факультет жаңалықтары (Педагогика)

«Балалардың сөйлеуі ғылыми құндылыққа ие болуы мен қатар өзінің әдеміліктерімен ерекшеленеді, өйткені оны зерттей отырып, біз балалар ойлауының таңғажайып заңдылықтарын ашамыз

К.И. Чуковский.

Білім беру үрдісінде логопедияны кіріктіру мектеп жасына дейінгі балалардың
әлеуметтенуіне оң ықпал етеді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында тиімді оқыту жүйесінде логопед жұмысы маңызды. Ол ең алдымен мектеп жасына дейінгі балалардың әр түрлі сөйлеу бұзылыстарын уақытылы анықтау, түзету жалпы білім беретін мектепке сәтті баруға бейімделуі үшін керек.

Менің «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілінің бұзылысын зерттеу және түзету ерекшелігін» зерттеу жұмысыма арқау етуім де сондықтан.

Себебі балалардың сөйлеу бұзылыстарын түзетуде логопед мамандарының рөлі тиімді және бүгінде әр ата-анаға қолжетімді.

Әрбір баланы мектептегі оқу және әлеуметтік ортаға еркін бейімделе алатындай жағдай жасау аса маңызды. Демек, қазіргі талап бойынша мектепке баратын балғындардың физиология жағынан мықты, еңбексүйгіш қасиеті мол, ерік-жігері күшті, білімге қызығушылығы мықты болуы қажет. Сондықтан ата-аналардың басты міндеті баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау. Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар балаға әріптерді және санауды үйретумен ғана шектеледі, ал баланың сөйлеу тілі бұзылысына аса мән бермейді.

Сөйлеу кемістігі бар балалардың қатары жылдан жылға артып келеді. 1970-1980 жылдары балалардың 25 пайызында ғана сөйлеу бұзылыстар анықталған. Бүгінде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары – 58 пайызды құрап отыр, әрі қарай өсіп отырғаны уайым туғызады. Халықаралық статистикаға сәйкес, сөйлеу бұзылыстары 7 жасқа дейінгі балалардың 17,5 пайызында кездеседі.

Балаларды 6 жастан бастап мектепте оқыту осы жаста сөйлеу бұзылыстарының таралуы туралы, балабақша бағдарламасын меңгеру ерекшеліктері туралы ақпараттың шұғыл қажеттілігін тудырды. Бұл ақпарат мұғалімдер мен логопедтерге және балабақша тәрбиешілеріне де тікелей қажет. Бұл бағыттағы зерттеулердің болмауы «Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеуінің дамымауы және оны жеңу» кітабының авторы М.Грушевскаяны сөйлеу тілі бұзылған мектеп жасына дейінгі балаларды өз бетінше зерттеуге итермеледі. Бұл ретте келесі міндеттер қойылды: айтылу бұзылыстарының таралуы мен сипатын, фонематикалық қабылдау деңгейін анықтау, сонымен қатар дыбыстық айтылуында кемшіліктері бар мектеп жасына дейінгі балалардың сауат ашу бағдарламасын меңгеруіне талдау жасау.

Баланың сөйлеуі бойының өсуімен және дамуымен бірге қалыптасады, дамудың әртүрлі қатардағы сатыларынан өтеді. Баланың сөйлеу тілінің бұзылуын анықтау теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызы зор мәселе болып табылады. Анықтау немесе диагностикалау барысында тек сөйлеу тілінің бұзылу түрі ғана анықталып қоймайды, сонымен қатар түзету логопедиялық жұмысын мақсатты, нәтижелі ұйымдастырудың жағдайлары анықталады.

Жалпы айтқанда диагностика – адамдарға нақты диагноз қоюға арналған олардың түлі ақау, ауруларын зерттеу, тексеру, анықтау.

Сөйлеу тілшінің диагностикалық іс-әрекеті – түрлі тексеру тәсілдерін пайдалану үрдісінде сөйлеу жүйесінің әртүрлі компоненттерінің бұзылуын анықтаумен қатар, оның сипаты, деңгейі, күрделілігі және болашақ мүмкіндігі анықталады.

Тексерудің басты мақсаттары мен міндеттеріне мыналар жатады: - ата-ана мен педагогпен әңгімелесу және құжаттармен танысу барысында баланың тәрбие жағдайын, дамуын анықтау; - жетекші іс әрекетінің деңгейін анықтап жас мөлшеріне сәйкестендіру; - танымдық процестерінің, эмоционалдық тұлғалық ерекшеліктерін анықтау – байланыс-тырып сөйлеуін анықтау; - тіл жүйесінің компоненттерін меңгеру деңгейін анықтау.

Логопедиялық тексеру барысында алынған мағлұматтарды жинақтап, талдап, сөйлеу тіл бұзылысын анықтағанда толығымен келесі қағидаларға сүйенеді: - даму қағидасы; - жүйелік; - сөйлеу тіл бұзылыстарын психикалық дамудың басқа жақтарымен байланысты қылып көрсету.

Логопедиялық тексеру барысында: анамнез жинау, артикуляциялық аппаратты тексеру, дыбыс айтуды тексеру, фонематикалық қабылдауын тексеру, фонематикалық талдау және жинақтауын тексеру, сөздік қорын тексеру, сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысын тексеру, байланыстырып сөйлеуін тексеру, сөйлеу тілін түсінуін тексеру, оқуы мен жазуын тексеру жұмыстары жүргізіледі және мәліметтерді саралап талдау арқылы, түзету жұмыстары жүргізіледі.

Грушевская М. С. өзінің зерттеуінде келесі тұжырымдар жасады:

  1. 6 жастағы балалардың арасында дыбысты айту мен фонемалық қабылдаудың айтарлықтай кемшіліктері бар.
  2. Айтылу және фонемалық қабылдау ақауларының болуы сауаттылық бағдарламасын нашар меңгеруге әкеледі.

Логопедиялық тексерудің бірнеше қағидалары белгілі:

Біріншіден, жүйелі тексеру қағидасы сөйлеу тілінің алуан түрлі компоненттерінің – дыбыстық, фонематикалық, лексикалық-грамматикалық, лексикалық, жағының жүйелі байланысына негізделген.

Екіншіде, кешенді ықпал – интеллектуалдық, танымдық, сөйлеу іс-әрекетінің мағлұматтары мен қатар көру, есту, қимыл сферасы, соматикалық жағдайы, жүйке жүйесінің ерекшеліктерін ескеру болып табылады.

Үшіншіден, іс-әрекеттік қағида аталған қағиданың іске асыру – түзету жұмысының мақсатын, бағытын анықтап, түзету тәсілдерін, жұмыс барысында қолданатын іс-әрекет түрлерін анықтауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, динамикалық тексеру қағидасы – баланы оқыту процесінде бақылап, тексеріп оның потенциалдық мүмкіндіктерін анықтауды көздейді.

Бесіншіден, онтогенетикалық қағида – тексеру және түзету жұмысын ұйымдастыруда баланың онтогенезде сөйлеу тілінің, психикалық даму заңдылығын ескеру.

Алтыншыдан, сөйлеу тіл бұзылысын тексеру және түзету жұмысы барысында алынған мәліметтерді сапалы талдау қағидасы динамикалық тексеру қағидасымен тығыз байланысты.

Барлық аталған қағидалар өзара тығыз байланысты және бұл қағидалар түзету жұмысында кеңінен қолданылады.

Баланың сөйлеу тілін тексермес бұрын ата-аналармен әңгімелесу арқылы балаға байланысты анамнез жинақтау – баланың қандай аурумен ауырғаны, жарақаттанғандығы және сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына зиянын тигізетін тәрбие жағдайы анықталады.

Сөйлеу тілі ақаулығының шығу себебін дұрыс анықтау үшін, логопед ата-аналардың берген мәлімдемелері арқылы баланың сөйлеу тілінің қалай дамығандығын көз алдына елестету қажет. Сондықтан, баланың тілі неше жасынан бастап шыққаны, бірінші сөзді қай уақытта айтқаны және сөздің басын құрап сөйлеуді қашан бастағаны, одан ары қарай сөйлеу тілінің дамуы, мектепке балалардың алдына оның сөздік қорының және грамматикалық құрылысының қалыптасуы туралы мәліметтерді ата-аналардан сұрай отырып жинау керек. Әңгімелесу кезінде баламен күнделікті араласып жүрген адамдардың тілдерінің дамуындағы деңгей шамалары жайында, олардың арасында сақаулары және бірнеше ұлттың тілдерін араластырып сөйлейтіндерінің бар немесе жоқтығын, сонымен бірге, баланың сөйлеу тілінің дұрыс дамып қалыптасуына ортаның қандай ықпал тигізгендігін анықтайды.

Анамнез жинау барысында сөйлеу тілінің, моторикасының ерекшеліктері туралы деректер логопедке баланың жағдайын дұрыс бағалауға, сосын логопедиялық түзету жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда ең маңыздысы, баланың өзінің сөйлеу тілінің ақаулығын түсінуі және оған баланың өзінің көзқарасы қандай, яғни уайымдай ма соны білу қажет. Ересек мектепалды даярлық топтарда нашар сөйлейтін балалар өзінің кемшілігін өте тез ұға бастайды. Олар ұялшақ, шешім қабылдай алмайтын, тұйық болып келеді. Сол себепті толымсыздық комплекстері жетіле бастайды, үлгерімі төмендейді, коммуникациялық белсенділігі нашарлайды. Осымен қатар, сөйлеу үшін есту қабілеті өте маңызды фактор. Есту қабілеті төмен болса, сөйлеудің дамуына кедергі клтіреді. Көру анализаторлары өте үлкен қызмет атқарады, себебі бала ықыласпен сөйлеуде тіл және ерін қозғалысын бақылай отырып, оларды қайталауға, артикуляциялық қозғалысқа еліктеуге тырысады.

Сөйлеудің қалыптасуы балаға тыңдау мен дыбыстарының дыбыс қабылдауының дамуына себеп болатын дыбыстық музыкалық ойындар, жаңылтпаштар, жұмбақтар ұрпағымыздың тіл байлығын жетілдіруде зор қызмет жасайтыны рас.

Баланың сөйлеу дамуы саусақ жаттығуларының дамуымен, әсіресе қол саусақтарының ұсақ моторикаларымен тығыз байланысты. Сондықтан дәнді-дақылдармен, сіріңкелермен, мозаика, түймелермен ойнатуға тырысу керек.

Баланың сөйлеуінің бұзылуына биологиялық, психологиялық факторлар, сондай-ақ қоршаған ортаның келеңсіз жағдайлары себеп болады.

Мысалы биологиялық факторды қарастырсақ кейбір жаңадан туылған балаларда тіл асты жүгеншегінің (уздечка) қысқа болуы кездеседі. Жағдайлардың жартысына жуығында баланың ата-анасының бірінен қысқа тілдік жүгеншек балаға  мұра болады. Қысқартылған тіл асты байламның тұқым қуаламайтын жағдайлары бірінші триместрде, тіс жақ системасының қалыптасуы кезінде эмбрионға зиянды әсер етуі мүмкін. Этиологиялық факторларға жүктілік токсикозы, әйелдің вирустық аурулары, дәрі-дәрмектерді қабылдау (салицилаттар, антибиотиктер, сульфаниламидтер және т.б.), стресс, кәсіптік қауіпті әсерлер (бояулармен, лактармен, химиялық реагенттермен жұмыс істеу) және т.б. жатады. 35 жастан асқан аналардан туған балаларда дамудың кішігірім ауытқулары жиі кездеседі. Жалпы, балада тілдің қысқа жүгеншегінің пайда болу себептері толық зерттелмеген.

Баланың жүгеншегінің  қысқа болуы – тіл астындағы буынның қысқа боп жаралуы, ол тілдің толықтай қозғалуына кедергі келтіреді, нәтижесінде бала кей әріптерді дұрыс айтпайтын болады. Баланың тіл асты жүгеншегі қысқа болса, емуі де бұзылады, тіс қатарын да жылжытады, астыңғы мен үстіңгі тістері өсе келе бір-біріне тура келмеуі мүмкін. Қанжел (пародонтит), гингивит мәселелерін туғызады.

Бұл ақау ауыз қуысына үңілгенде бірден көзге көрініп тұрады. Оны емдеудің екі жолы бар. Біріншісі – консервативті (артикулыциялық жаттығу арқылы буындарды созу); екіншісі – хирургиялық (френулотомия).

Хирургиялық әдіс:

- Мәселені тез, түбегейлі шешу.

- Операция анестезияны қолдану арқылы жасалады.

- Емдеу процесі белгілі бір уақытты алады және ыңғайсыздық тудырады.

- Хирургиялық араласуға байланысты тамақтану шектеулері.

- Бірнеше күн бойы дауыстық тыныштықты сақтаған жөн.

- Балада психологиялық жарақат болуы мүмкін.

- Операциядан кейін дыбысты айтуды түзету үшін логопедпен жұмыс жасау қажет.

Үлкен топта жүгеншек қалың болған кезде, тілдің жүгеншегінің пластикасы (френулопластика) қажет болуы мүмкін - жүгеншекті бөлшектеу және оның бекітілу орнын ауыстыру. Тілдің қысқа жүгеншегін хирургиялық түзетуден кейін балаға (мектеп жасына дейінгі балаға, оқушыға) стереотиптік сөйлеу дағдыларын жеңу және дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін логопедпен сөйлеуді дамыту сабақтары қажет; миогимнастика – тыртықтардың пайда болуын болдырмау үшін.

Жүгеншекті созу әдісі:

- Консервативті, балада психологиялық қиындықтар туғызбайды.

- Көп жағдайда тиімді.

- Ол әдеттегі өмір режиміне өзгерістер енгізуді қажет етпейді.

- Белгілі бір уақытты алады (бірнеше ай).

- Тәртіп пен тұрақты сабақтарды қажет етеді.

Тіл астындағы қысқа жүгеншекті логопед пен тіс дәрігерімен кеңескеннен кейін орындалатын арнайы жаттығулардың көмегімен созуға болады.

Тіл асты жүгеншекті созуға арналған жаттығулар мүмкіндігінше жиі, күніне 10 рет орындалады. Әйтпесе, қажетті әсерге қол жеткізу қиын болады және хирургиялық жолмен жүгеншекті кесу үшін тіс дәрігерімен байланысуға тура келеді.

Артикуляциялық жаттығу дегеніміз не? Ол балалардың дыбыстарды дұрыс айта білуіне көмектесетін жаттығу түрі. Артикуляцияны дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады. Артикуляциялық жаттығудан бұрын алдымен тыныс алу жаттығуы жасалады, сонда бала бірінші аузын жауып мұрнымен терең дем алады да, содан кейін аузын ашып жайлап дем шығарады.

Қысқартылған тіл асты жүгеншекті дамытуға арналған артикуляциялық жаттығулар:

  1. «Күлкі»: Үстіңгі және астыңғы тістер көрінетіндей күлу; 20-ға дейін санау.
  2. «Жылқы»: Үстіңгі және астыңғы тістер көрінетіндей күлу; Ауызды кеңірек ашу; Тілмен таңдайды баяу қағу. Иек қозғалыссыз болуы керек (айна алдында бақылау)!
  3. «Саңырауқұлақтар»: «Ат» жаттығуы – тек өте баяу; «Ат» «секірді және кептелді» - тілді бүкіл бетімен таңдайға жабыстырыңыз; Тілдің осы жоғарғы орнын 5-ке дейін санап ұстап тұру.

Дыбыс айту жаттығулары артикуляциялық жаттығулар орындалған соң ғана жасалады. Алдымен бала жеке бір дыбысты ғана айтып үйрену керек, содан кейін жеке буында айтып үйрену керек, содан кейін сөзде, кейін сөйлемде айтып үйрену қажет.

Жалпы сөйлеу тілін дамыту барысында артикуляциялық жаттығуларды жасау арқылы балаға 1 дыбысты қойған сәтте басқа бірнеше дыбыстар жоғалып кетуі мүмкін. Осы мәселені дыбысты қойған кезде ұмытпаған жөн.

Дыбысты ауыстыру дегеніміз – бұл бір нормативті дыбысты екіншісінің орнына үнемі қолдану. Бұл бұзушылықты логопед айтылымды тексеру және фонематикалық тыңдау кезінде анықтайды. Қажет болған жағдайда отологиялық диагностика жүргізіледі. Түзету жұмыстары артикуляциялық тәжірибені қалыптастыруға, сөйлеу, есту, аналитикалық және синтетикалық белсенділікті дамытуға, аралас дыбыстарды саралауға (дифференциация) бағытталған.

Сөйлеу дыбыстарын ауыстыру және араластыру немесе бір-бірін ауыстыру дегеніміз –

 бұл фонемалық (сенсорлық, фонологиялық) ақаулар. Әдетте фонемалық есту қабілетінің толық болмауына немесе бұзылуына байланысты болады.

Ауыстыру құбылысы дислалияның артикуляциялық-фонемалық және акустикалық-фонемалық формасына тән.

Басқа тілдік бұзылулардан туындаған айтылу қателерін түзету келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

* ауыстырылатын дыбыстардың артикуляциясын нақтылау;

* фонемалық қабылдауды дамыту.

* дыбыстық талдау және синтез дағдыларын дамыту.

* сөйлеу дыбыстарының сараланған қабылдаудын дамыту.

Әсер ету әдістерінің ішінде логопедия, артикуляциялық гимнастика, саусақ гимнастикасы және массаж логотипі қолданылады. Тілдің тек дыбыс жағына ғана емес, сонымен қатар, басқа компоненттерге де әсер ететін ауыр патологиялары жағдайында барлық бұзылған процестер бойынша жұмыс жүргізіледі.

Қате тістеуді түзету әртүрлі әдістермен жүргізілуі мүмкін. Бұл бұзылыстың түріне, жасына, мәселенің ауырлығына байланысты. Мектепке дейінгі жаста функционалды ортодонтиялық аппараттар мен миогимнастика кеңінен қолданылады. Тұрақты тістеу кезінде емдеу брекеттермен, каппалармен жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда ортогнатикалық операциялар жасалады.

Есту қабілеті бұзылған адамдардың реабилитациясы есту аппараттарының көмегімен жүргізіледі. Есту аппаратын таңдап, реттегеннен кейін мұндай балаларға керең-мылқау және логопедтің сабақтары қажет.

Қорытындылай келе, сөйлеу тілінің бұзылысын тексеру, түзету арқылы балалардың тілдік сөйлеу байланысы жақсарады. Нәтижесінде балалардың тілі қимыл – қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды, және мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтенуіне оң ықпал етеді.

Әсия Ойшиева,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтының

логопедия мамандығының 4 курс студенті.

12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. 2011 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жарлық шығарып, 12 сәуірді ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітті. Мерекені атап өту 2012 жылдан басталды.

Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.

«Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының профессор оқытушылар құрамы мен студенттері п.ғ.д., профессор  Клара Жайдарбекқызымен автордың атаулы аудиториясында «Тағылым мен тағзым» атты кездесу кешін өткізді.

Кеште «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының меңгерушісі А.Т. Кенжебаева кіріспе сөз сөйлеп, құттықтады.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының студенттері п.ғ.д., профессоры  Клара Жайдарбекқызының еңбектері туралы тұшымды пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойып, мағыналы да мәнді жүргізді. Атап айтсақ, кездесу барысында педагог мәртебесі, оқытуда инновациялық технологияларды тиімді қолдану, ғылыми жетістіктері, мотивацияның рольдері туралы өзекті әрі маңызды мәселелер қозғады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п,ғ,д.  Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы, «Химия және биология» кафедрасының меңгерушісі  Мажибаев Асылжан Кенжекерейұлы,  Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының доценті, ф.ғ.к Есенова Нарима Бөрібайқызы, магистрант Қойшыманова Алия Мырзагуловна ғалым туралы сыр шеріп, ойларын білдіріп, видео арқылы құттықтауларымен игі тілектерін жолдады.

Кездесу соңы студенттер п.ғ.д., профессоры  Клара Жайдарбекқызымен суретке түсіп, автордың қолынан қолтаңба алумен аяқталды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ұстаз институты, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасында студенттерге арналған ғылыми үйірме жұмыс жасайды.

Осыған орай, «Шебер қолдар» үйірме мүшелерінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 3 мамыры күні «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында облыстық шебер- сынып байқауы өтті.

 Мақсаты:  Тұлғаны шығармашылық жұмысқа тарту арқылы танымдық қабілеттерін, қызығушылығын арттыру, жетістіктерін бағалап көрсету, белсенділігін қалыптастыру, өздігінен еңбек етуге дайындау, іскерлігін дамыту.

Байқауға  облыстың 50-ге жуық  бөбекжай- бақша тәрбиешілері, жалпы орта мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары, студенттер және  мектеп бітіруші түлектер қатысты. Әр түрлі тақырыпта өз шебер-сыныптарын көрсетті. Атап айтсақ, «Алтын балық» ертегісі (ертегі кейіпкерлерін фетрден жасау арқылы кітап құрастыру), «Матамен ертегі кейіпкерлерін жасау арқылы оқушылардың шеберлігін дамыту»т.б. тақырыптарында еңбектерін жетекшілер студенттермен, оқушылармен  бірлесе қорғады.

«Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосыновна «Шебер қолдар» ғылыми үйірмесі туралы өз пікірлерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара соңында  «Шебер қолдар» үйірме мүшелерінің ұйымдастыруымен қатысушыларға сертификат  пен алғыс хаттар табыс етті.

ХХІ ғасырда білім беруді  экономикалық  өсудің  жаңа моделінің  орталық буынына айналдыру үшін  оқыту бағдарламасын  сыни ойлау, өз бетімен іздену дағдыларын  дамытуға, қашықтықтан да  білім алуға   бағыттау қажет. Ал халықаралық  педагогикалық, кәсіби білім  беру орталықтарының тәжірибелерін   қазіргі  жағдайдағы қазақстандық нарыққа бейімдеу арқылы жаһандық бәсекеге қабілетті  цифрлы-креативті құзыреттіліктері жоғары болашақ педагогтер дайындауымыз керек.

Алайда бұл ретте тағы бір мәселе туындайды. Алдымен қашықтықтан білім беру жағдайында болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттіліктерін қалыптастырудың тиімді жолдарын анықталуы тиіс. Сондай-ақ оның нақты әдістемесін жасау қажеттілігі тағы бар.

AP09259497 «Жаңа  жағдайдағы Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру: Қазақстан Республикасында қашықтықтан оқытуда болашақ педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастырудың технологиялық-әдістемелік аспектілері»  гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында  педагогикалық өлшемдер білім беру бағдарламасы бойынша  магисрант  Ж.Жақып  «Қазақстан Республикасында болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзіреттіліктерін қалыптастырудың технологиялық және әдістемелік аспектілері» магисрлік диссертациясын  сәтті қорғады. Өзім ғылыми жетекшілік жасағандықтан, магистранттың іздену барысында тың тәсілдерге жүгініп, тақырыпты терең зерделегенін айта кеткен жөн.

Тағы бір ерекшелік – магистрант Ж.Жақыптың қашықтықтан білім беру жағдайында болашақ педагогтердің цифрлы- креативті құзіреттілікті қалыптастыруға арналған гайд-нұсқаулық жасап шыққаны. Осылайша ол онлайн білім алуға арналған платформалармен  тиімді жұмыс жасаудың әдістемесін ұсынып отыр.

Магистрант   өзінің  магистрлік ғылыми-зерттеу жұмысында қашықтықтан білім беру жағдайында болашақ   педагогтердің  цифрлы- креативті құзіреттіліктерін  қалыптастыруға арналған   Learningapps  тапсырмалары, Kahoot үлгілері мен түрлері, Wordwall шаблондары және  Wordwall ойын- мысалдары, QUIZIZZ үлгілерін  жасап,  педагогикалық процесте ұтымды пайдаланудың технологиялық-әдістемелік аспектілерін айқындады. 7М01104 – Педагогикалық  өлшемдер білім беру бағдарламасы бойынша аттестаттау комиссияның төрағасы, п.ғ.к., халықаралық  Тараз инновациялық   институтының «Жалпы педагогика» кафедрасының доценті Ж.Ускенбаева  Ж.Жақыптың магисрлік диссертациясына  «жоғары  әдістемелік деңгейде жазылған, толық аяқталған, практикалық маңыздылығы жоғары ғылыми-зерттеу жұмысы»  деген оң баға берді. Осы еңбекті педагогикалық жоғары оқу орындарының іс-тәжірибесіне енгізсін деген  ұсыныс  жасады   және оны аттестаттау комиссияның мүшелері бірауыздан қолдады.

Креативті құзіреттілікті қалыптастырудың 4 жолы

Болашақ педагогтерге қажетті цифрлық платформалар мен сервистер

Клара БУЗАУБАКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

«Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор.

«Білім берудегі шетел тілдері» кафедрасының аға оытушылары Байбосынова А.С., Тулебаева С.К., Отарова Т.Н. 1-курс студенттері арасында студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында 19-24 қыркүйек аралығында Қазақстан халықтар тілдер күні мерекесіне орай «Literary challenge: Poems of Language» тақырыбында ағылшын тілінде тіл туралы өлең оқудан жарыс ұйымдастырды.

Тіл туралы өлең оқудан челленджге 1-курс студенттері белсене ат салысты. Студенттер өздері видео үндеу жасап, бір-біріне жолдау жасады. Көрсетілген уақыт аралығында бірнеше жұмыстар келіп түсті. Кафедра шешімімен өте үздік деген 7 видео таңдалып, институттың инстаграм парақшасына жүктеліп, онлайн дауыс беруге ортаға салынды. Дауыс беру 24-26-қыркүйек аралығында жүргізілді. Дауыс беру шарты ең көп лүпіл және пікір жинаған студент байқау жеңімпазы болып анықталды. Аталған уақыт аралығында студенттер белсенділік танытты.

27 - қыркүйек күні кафедра шешімімен жеңімпаздарды анықтау онлайн дауыс беру бойынша 3 жүлделі орын, тіл мамандарының бағалауы бойынша қатысушылардың оқу мәнеріне, тілдік тазалыққа мән бере отырып 3 жүлделі орын және де өте креативті орындау номинациясы бойынша 1 жүлделі орын берілді. Барлық жеңімпаздар және де белсенділік танытқан студенттер сертификатпен марапатталды.
Марапаттау рәсімі барысында кафедра меңгерушісі Байбосынова А.С. ағылшын тілінің маңыздылығы туралы алғы сөз сөйлеп, челленджге қатысқан студенттерге алғыс айтып, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

Ұстаз институтында 5 мен 22 қыркүйек күндер аралығында Қазақстан халықтар тілдер күні мерекесіне орай "Тіл - татулық тірегі" тақырыбында тілдер апталығы өтті.

1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданды. Биыл мейрамның жаңа датасы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күніне сәйкестендіріп таңдалып алынған. 1873 жылдың 5 қыркүйегінде қазақ тіл білімімен және әдебиеттануымен айналысқан ағартушы және ғалым Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Ол қазақ тіл білімінің негіздерін, грамматиканың ғылыми терминологиясын жасаған.

Бұл мереке туған тілге деген құрмет мен сүйіспеншілікті, сондай-ақ, өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін танып, білуге бағытталған.

Осы мақсат барысында Ұстаз институты кафедралар төмендегідей мерекелік іс-шаралар мен зияткерлік сайыстар өткізді.
- «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында «Тіл тағдыры-ұрпақ тағдыры» атты әдеби сазды кеші өтті. Кеш қонағы Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза Ғали болды.

- "Орыс тілі мен әдебиеті" кафедрасы "Анамның тілі - айбыным менің" тақырыбында семинар -тренингін "Анаға тағзым" орталығында тартымды өткізе білді;
- "Педагогикалық психология" кафедрасы
«Тіл мерейі - ел мерейі» тақырыбында ашық тәрбие сағатында тілдер мерекесінің шығу тарихы, сонымен қатар өзге тілдердің қалай пайда болғаны жайлы айтылды. Сонымен қатар викториналық ойындармен жалғасып, студенттер тілге байланысты ой-пікірлерімен бөлісті;

- "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасы "Тіл тұғыры - ұлт ғұмыры" атты зияткерлік сайысы қызықты әрі тартысты өтті. Әуелі өз топтарын таныстырып, «Ой – көкпар» деп аталатын екінші кезеңде «Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора», «Мақал – сөздің мәйегі», «Жаңылтпаштан жаңылма», «Шешендік сөз өнері», «Мен – студентпін!» бағыттары бойынша деңгейлік ұяшықтарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап беріп, ұпайы жоғары болған топтар түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

Бүгін 24 қарашада «Ұстаз» институтының «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен (ПМНО 22-5 академиялық топ студенттері мен кураторы З.Қашқынбаева) «Жамбыл-Тараз» телеарнасының бас режиссері Дана Смайловамен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – қоғамдағы халық пен биліктің арасындағы ақпараттық байланыс орнататын ақпарат майданының сарбаздарының қызметтерімен таныса отырып, жылдам әрі айшықты мәліметтерімен жаңалықтың жаршысы болып жүрген «Жамбыл-Тараз» телеарнасының ойы ұшқыр, қаламы қарымды мамандарының жұмысымен терең танысу. Сонымен қатар, студенттерге ақпараттық баспасөз құралдарының қазіргі кездегі жұмысы туралы жан-жақты білім мен ертеңіне сенім мен салиқалы өнеге беретін сұхбат жүргізу.

Кездесу барысында студенттер көкейдегі өзекті сұрақтарын қойып, идея, ұсыныстарымен бөлісті, әнмен шашу шашып, қонақпен «Таңғажайып алаң» ойынын ұйымдастырды, телеарна туралы тарихи хронологиялық деректіфильмнен үзінді көрсетілді. Болашақ ұстаздар-студенттер үлкен өмірге маман болып қадам басу жолында тек қана аянбай етіп, өз мамандығының қызығы мен қиын сәттеріне төтеп бере алғанда ғана өз ісінің шебері болатындығы жайлы, тәжірибе мен абыройдың біртіндеп жинақталатындығы туралы өмір тәжірибесінен үзінді, азық алды деп санаймыз.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  Ұстаз институы «Педагогика» кафедрасында «SMART-PEDAGOG» студенттік ғылыми үйірмесі аясында Жамбыл облысының жалпы  орта  білім беретін мектептің 9-11 сынып оқушылары, колледж және университет студенттерінің қатысуымен «ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА, АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ!» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Ғылыми конференцияда педагогикалық  мамандықты насихаттау мақсатында: мектептердің дарынды түлектерін анықтау; педагогикалық мамандыққа жалпы орта білім беретін мектептердің талантты түлектерін тарту; педагогикалық  мамандықты таңдауға ынталандыру; ғылыми-зерттеу жұмыстарын нәтижелі жүргізуге бағыттаудің міндеттерін шешу жүзеге асырылды.

Ғылыми конференцияны «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Копбосынова салтанатты түрде ашты. Орынқыз Копбосыновна «SMART-PEDAGOG» атты студенттік ғылыми үйірменің ашық есік күніндегі «Ғылым таппай мақтанба, адам болам десеңіз» атты ғылыми конференцияға қатысушыларға Ұстаздық мамандықтың қашанда сұраныста ие болатындығын айта отырып, педагогикалық мамандықтың өзіндік ерекшеліктерінің қыры мен сыры жайында оқушылар мен колледж студенттеріне қызықтыра түсіндіріп өтті.

Өз кезегінде «SMART-PEDAGOG» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшісі, Педагогика кафедрасының меңгерушісі п.ғ.д., профессор Бузаубакова Клара Джайдарбековна аталмыш конференцияның салтанатты ашылумен құттықтады. Ғалым болашақта педагогикалық мамандықты таңдауда мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті маман болатындарына ерекше үміт артатынын айта келіп, жас ізденушілердің ғылыми жобастын қорғау барысына сәттілік тіледі.

Жамбыл облысының жалпы  орта  білім беретін мектептің 9-11 сынып оқушылары, колледж және университет студенттерің қатысуымен өткен «Ғылым таппай мақтанба, адам болам десеңіз!» атты ғылыми конференцияда гуманитарлық, жаратылыстану, шығармашылық және психологиялық-педагогикалық бағытты бойынша 44 ғылыми жобалар қорғалды.

Жобалардың арасында ЖОО мен жалпы орта мектептің әріптестік ынтымақтастығында орындалған зерттеу жұмысын ерекше атап өтуге болады. «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Бупетаева Сауле Жақыповна мен Байзақ ауданы Көктал орта мектебі химия пәнінің мұғалімі Станбекова Арай Серікқызының бірлескен жетекшілігімен орындалған 9 сынып оқушысы Аманбай Аянаның «Сандық пирамида және туған жерім Көктал ауылындағы ара шаруашылығы» тақырыбындағы зерттеу жұмысы жүлделі ІІІ орынды иеленді.  

Сондай-ақ, ғылыми конференцияда гуманитарлық, жаратылыстану, шығармашылық және психологиялық-педагогикалық бағыттар бойынша инновациялық жаңашылдығымен қорғалған келесідей жобалар топ жарып жүлделі І, ІІ, ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды: 

Жүлделі 1-орындарды Тараз қаласындағы Нарғозы Данаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Сәрсенбай  Сымбат «Ақселеу Сейдімбектің  «Аққыз» повесіндегі ұлттық  құндылықтар» тақырыбындағы ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Б.К.Валиева); Тараз қаласындағы №15 мектеп-гимназиясының  9-сынып оқушысы Азимхан Жания Берікқызының «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және  перспективалары туристік маршруттар» атты ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Н.А.Сейсенбекова); Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Бетай Ерсултанның «Аусыл ауруын реконвалесцентті қан немесе сарысу арқылы емдеу» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Е.Тасжүреков); М.Х.Дулати атындағы Тараз мемелекттік өңірлік университеті, Ұстаз инстутының 1 курс студенті  Иманалы Ұлжанның «Қылқаламның сырлы әлемі арқылы педагогика ғылымының теориялық-әдістемелік негіздерін меңгерудің өзіндік ерекшеліктері» тақырыбындағы ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Т.Е.Конакбаева) иеленді.

Жүлделі 2-орындарда Тараз қаласындағы Нарғозы Данаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Қадырбек  Назымның «Әл-Фараби  мен  Ұлы  Абайдың  рухани  үндестігі» тақырыбындағы ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Б.К.Валиева); Байзақ ауданы Көктал орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нуфарова Зиннаттың «Подари бумаге вторую жизнь!» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: С.Ш.Нуфарова); Байзақ ауданы Көктал орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жарас Нұрасылдың «Көктал ауылдық аймағы тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: С.Ә.Байтенова); Байзақ ауданы Көктал орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аманбай Аянаның «Сандық пирамида және туған жерім Көктал ауылындағы ара шаруашылығы» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: А.С.Станбекова, С.Ж.Бупетаева); Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Камидулла Ернардың «Ұрғашы иттерге овариоэктомия жасау» жобасы (Ғылыми жетекшісі: Р.Сарсенбиев); М.Х.Дулати атындағы Тараз мемелекттік өңірлік университеті, Ұстаз инстутының 1 курс студенті  Ақан Ұлдананың «Отбасында девиантты бала туындауының психологиялық ерекшеліктерін анықтау» зерттеу жобасы (Ғылыми жетекшісі: А.М.Мамбетова) топ жарды. 

Жүлделі 3-орындарды Тараз политехникалық колледжінің студенті Әбдіғани Нұрсұлтанның «Абай қара сөздеріндегі адамгершілік мәселесі» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: А.Қ.Нуртай); Тараз қаласындағы Нарғозы Данаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Сәрсенбай Сымбаттың (Ғылыми жетекшісі: Б.К.Валиева); Байзақ ауданы Көктал орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әлімжан Әмірдің «Ұлт мақтанышының ұлылық үлгісі - «Абай жолы» роман – эпопеясы» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: З.Б.Алибекова); Тараз политехникалық колледжінің студенті Утегенова Сабинаның «Ғылым таппай мақтанба... Адам болам десеңіз...?!» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: А.Әбдіманап); Тараз қаласындағы  №3 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Қанатұлы Ерасылдың «Ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жаңашыл оқыту» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: У.М.Конурбаева); Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 11 сынып оқушысы Оразбаева Нұрайдың «Отбасы тәрбиесінде  фильм терапиясының психологиялық жағымды әсері» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: Н.А.Нуртаева); Тараз қаласындағы Д.М.Карбышев атындағы №16 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шәдібек Темірланның «Қазақ тіліндегі жәндік атауларының этнографизимдерін зерделеу» ғылыми жобасы (Ғылыми жетекшісі: А.Мамбеткызы) иеленді.

Жамбыл облысының жалпы  орта  білім беретін мектептің 9-11 сынып оқушылары, колледж және университет арасындағы «Мектеп-Колледж-ЖОО» ынтымақтастық байланыстағы ғылыми конференция дарынды жас ізденушілерге кәсіби бағдар берудің мүмкіндіктерін жүзеге асыруда өзіндік ықпалын тиімді жүзеге асыра алды демекпіз!

Турсунай Конакбаева,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы

«SMART-PEDAGOG» студенттік ғылыми үйірмесі жетекшісінің ассистенті