Факультет жаңалықтары (Педагогика)

Дулати университеті «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасы мен қауымдастырылған профессор З.Қашқынбаеваның ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Қайнар и С» бөбекжай-бақшасында «Бала шығармашылығын жетілдірудің маңызды тетіктері» атты семинар өтті.

Семинар барысында «Еркем-ай» ересектер тобының балалары мен ата-аналары арасында өткен «Мен анамның жұлдызымын» байқауының нәтижесі анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 8 желтоқсанда 2021 жылы «Тарих және география» кафедрасы «Мұрагер» ғылыми-ізденіс үйірмесінің ұйымдастыруымен  «Рухани құндылықтар және Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шарамызға арнайы шақырылған қонақтарымыз 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан, ұлтым деп жанкештілікке барган халық қаһарманы Қайрат Рыскулбековпен Алматы қаласының Архитектура және құрылыс институтында бірге оқыған желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы,  сын сағатта елім деп алаңға шыққан  қайсар апамыз Иманкулова Света Үдербайқызы және университетіміздің ардагер ұстазы «Шет тілі» кафедрасының аға оқытушысы Испанкулова Гулайша Әшірханқызы, «Физкультура және спорт» кафедрасының аға оқытушысы желтоқсан оқиғасына қатысқан Қамысбаева Жанар Қалабайқызы, №9 мектептің ұстазы ауған соғысының ардагері Салыбеков Махмұд Әріпханұлы  қатысты. Сондай-ақ кафедра доценті Мырзабеков Бақыт Ормаханұлы, «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің аға кураторы Ибраимов Нұржан Лесбекұлы және Тараз қаласының №9 орта мектебінің 11 сынып оқушылары тарих пәнінің мұғалімі Рапилбаев Ержан Ізбасарұлының ұйымдастыруымен келіп қатысты. Дөңгелек үстел жұмысының барысында тарих мамандығының 1 курс студенті, үйірме мүшесі Қуанышов Жалғас «Рухани жаңғыру және ұлттық код» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама барысында өркениеттілікке ұмтылған егеменді ел, ең бірінші өзі туып өскен жерін сүюге, тарихын, мәдениетін біліп, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстануға, ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді жаңғыртып, санамызға тек адамгершілікті қасиеттер мен жұртымыздан қалған құндылықтарымызды бағалау аса маңызды екенін айта келіп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу тарихшылар алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі екендігі айтылып өтті. Сонымен қатар Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тұжырымдамасы аталып өтті. Дөңгелек үстел бағытын ары қарай желтоқсаншылар өз бастарынан өткен оқиғаны еріксіз еске ала отырып, жалғастырды. Олар желтоқсан оқиғасы туралы, оның қалай орын алғанын және сол кездегі жалынды жастардың бойындағы ыстық қайрат пен көздеріндегі оттан Отанына деген сүйіспеншілігін, махаббатын сезіндік дейді. Ештеңеден тайсалмаған жастар (ол кезде Брежнев алаңы) қазіргі Республика алаңында ызғарлы желтоқсанның суық желіне қарамастан Шәмші Қалдаяқовтың қазіргі әнұранымызға айналған  «Менің Отаным – Қазақстан» өлеңін  еш қаймықпай орындады деп еске алады. Желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы жатақхананың жертөлесінде жасырынып жасаған өз қолымен жазған лозунгтардың қазіргі таңда  Тараз қаласындағы Желтоқсаншыларға арналған музейде құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұрғанын айтып өтті. 

Аталған іс-шара өскелең жастарымыз бен мемлекетіміздің патриоттық ұрпағын тәрбиелеуде өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандандырып,  кешегі желтоқсанның ызғарлы желіне қарамастан ұлт мүддесі үшін алаңға шыққан белгілі азаматтардың есімдерін ұлықтау арқылы ұлтжандылыққа баулу аса қажет. Туған жерді қастерлеу, онан өніп-өсіп шыққан тұлғалардың жасампаздығын тарихта қалдыру ұлттық рухымыздың биіктігін көрсетері сөзсіз. Бұл іс-шарада №9 орта мектебінің оқушылары және тарих мамандығының 1, 2 курс үйірме мүшелері сұрақтар қойып белсенді қатысты. Тарих мамандығының 1 курс студенті үйірме мүшесі Қуандықов Әліби «Елдікке бастаған Егемендік» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама талқыланғаннан соң, 1986 жылғы оқиғаға байланысты видео фильм көрсетілді. Сонау 1986 жылғы сол есте қалар күн әрі бақытты, әрі қайғылы күн болды. Сол желтоқсанның ызғарлы күнінде болған оқиға ешқашан жадымыздан шықпайды, ұмытылмайды, ұмытуға қақымыз да жок. Дөңгелек үстел өте қызықты да әсерлі өтті. Іс-шара соңында мектеп оқушылары мен студенттер желтоқсаншыларға үлкен алғыстарын көрсетіп тағзым етті.  Ал іс-шара соңында үйірменің белсенді мүшесі Әшірхан Құттыбек жастардың гимнін орындап, жалындаған патриоттық сөздерімен іс-шарамызды аяқтады.

 «Мұрагер» үйірмесінің жетекшісі Идрисова Гүлжан Бердімбайқызы

Бүгін 2021 жылдың 8-желтоқсан күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті "Ұстаз" институтының ұйымдастыруымен «Таңдау. Мамандық. Болашақ» тақырыбында ашық есік күні жоғары деңгейде өтті.
Ашық есік күнінің мақсаты: мамандық таңдауда оқушылар бойында жауапкершілікті қалыптастыру; мамандық таңдауына көмектесу, кәсіби бағдар беру және психологиялық қолдау көрсету; жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын түсіндіру; университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен материалдық-техникалық базасымен таныстыру.Бүгінгі іс-шара барысын алғы сөзімен бастаған «Ұстаз» институты директоры э.ғ.к., доценті О.К.Джолдасова кәсіби бағдар беру жұмысының маңызын, оның мемлекет үшін алатын орнын және Финляндия мемлекетінің білім беру жүйесімен толық оқушыларға баяндап берді. Арнайы және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы Е.Б.Дүйсенбеков «Мамандықтар атласы» туралы кеңінен түсіндіріп өтті. «Сөйлеу дыбысы бұзылған баламен жұмыс» тақырыбында логопедиялық жұмысты «Дефектология» мамандығының 4-курс студенті  Қыдырқожа Әсем аса шеберлікпен көрсете білді. «Өзін-өзі тану – рухани-адамгершілік білім берудің ізгі жолы» тақырыбында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 4-курс студенттері өз мамандық ерекшеліктерін сахналық қойылым арқылы көрсете білді. Сахналық қойылым  идеясы мен сценариін жазған «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы меңгерушісі п.ғ.к., доценті Г.Е.Санай. 

Маркетинг және талапкерлерді рекруттеу бөлімі басшысы – қабылдау комиссиясының хатшысы М.К.Нурпеисов мектеп бітіруші түлектерге биылғы жылдың оқуға қабылдау туралы өзгерістерді, мемлекеттік грант және берілетін квоталарға байланысты кеңінен түсіндіріп, университет мамандықтарын таңдауға шақырды.

Оқу ғимараттардың материалдық-техникалық базасымен таныстыру барысында «Ұстаз» институтының барлық кафедралары өз орталықтары мен зертханаларын оқушыларға көрсетті. Сонымен қатар электронды ақпараттық кітапхана орталығы мен спортзалдары да көрсетілді.
Ашық есік күніне келген Байзақ ауданы, №4 лицейі, Тараз қаласынан №25, 42, 49 мектеп түлектері болды.
Алдағы уақыттарда кәсіби бағдар беру мақсатында ашық есік күндері мен қала, облыс аймағында да іс-шаралар жалғасын таппақ.

«Әлем тілдері» кафедрасы «Ұстаз» институты деңгейінде неміс тілінде жаңа-жылға арналған мерекелік іс-шара өткізді.  Студенттер ұйымдастырған концерттік бағдарлама көрермендерге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады. Ерекше нөмірлер, күтпеген тосынсыйлар, ойын мен күлкі, студенттердің жарқын киімдері және Аяз атаның сыйлықтары мерекелік той-думанның жақсы өтуіне себепші болды.

Сонымен қатар, шетелде, атап айтқанда Германия мен Польшада академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқып жүрген студенттердің  мерекеге байланысты жолдаған видеофильмдері өте тартымды болды, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік іс-шараның мақсаты тілін оқыған елдің тілі мен мәдениетімен терең таныстыру, кәсіптік бағдарлама жүргізу. Іс-шараға жауаптылар - кафедра аға оқытушылары Абилдаева Н.С., Ахметова М.К., Сейтқазиева С.Е. Мерекелік іс-шараның соңында сөз алған кафедра меңгерушісі Мұңатаева Э.М. барлық оқытушылар мен студенттерге өз алғысын жеткізді.

Тіршілігінде талантымен талай жырды туғызып, талайды тамсандырған Мұқағали қаламының қуатын, өлеңінің өміршеңдігін дәл болжап кеткен ақын. Оның жырлары жаңа ғасырда да ауыздан-ауызға көшіп, көңіл көкжиегінен түспей келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  «Ұстаз» институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы  ұйымдастырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толуына орай өткен «АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚЫН» атты әдеби кеш – соның бір айғағы.Әдеби іс-шарада ақынның жырлары оқылды. Ақынға өз арнауларын арнаған студенттер өз туындыларын көпшілікке паш етті. Ақынның өмір жолы мен әдебиеттегі орны туралы сұрақтар қойылып, келелі әңгіме өрбіді. Соңынан қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Абдықадырова ақынның шығармаларына тоқталып, іс-шараға белсенді атсалысқан қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.

Кез келген нәрсеге арнайы өлшеммен қарасақ, кәсіби тұрғыдан мамандарға жүктелер мақсат-міндеттердің кең ауқымын тізіп шығуға тура келеді. Балабақша тәрбиешісінің де жауапкершілігі жоғары. Алайда терминдік тұрғыдан емес, өзара қарым-қатынастар, бала мен тәрбиеші арасындағы байланысты мейірім, сенім дейтін сезімдермен байланыстырсақ, бүгін ХХІ ғасыр тәрбиешісі жүктелер міндеттің ауқымы кеңейе түседі.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасы ұйымдастырған «Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мамандарын даярлау» білім беру студенттерінің педагогикалық практикасы бойынша «ХХІ ҒАСЫР ТӘРБИЕШІСІНІҢ МИССИЯСЫ» атты республикалық онлайн-семинар да осы мәселелер сөз болды. Онлайн жиынға Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының балабақша әдіскерлері, тәрбиешілері және мектепалды даярлық топтарының педагогтары; профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қосылып, өзара пікір алмасты.

Студенттер педагогикалық практика нәтижесінде жинақтаған әдістемелік тәжірибелері туралы ой бөлісті. Оқытушылар педагог мәртебесі мен қоғамдағы рөлі мен  туралы ой қозғады.

Республикалық семинарда кең талқыланған тақырыптың бірі – студенттерді педагогикалық базаларға бөліну статистикасы және электронды портфолионың мүмкіншіліктері. Сондай-ақ онлайн форматта балабақшалардағы практикадан өтіп жатқан студенттердің сабағына «әдістемелік десант» әдісімен саяхат жасалды. Мектепалды даярлық топтарындағы жетекші  педагогтармен онлайн-сұхбат жүргізілді.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Зағира Қашқынбаева мұндай онлайн семинарлар арқылы практика базасындағы студент жетекшілерімен әдістемелік тәжірибе алмасуға жол ашатынын айтады. «Әрқашан пікір-ой алмастырудың пайдасы көп. Біз студенттердің оқу-тәрбие процесіне араласуына жіті бақылау жасап отырамыз. Ондағы мақсатымыз – барлық практика талаптарына сай іс-әрекеттерді атқаруына мүмкіндік туғызу», - дейді Зағира Қожабергенқызы.

2022 жылғы 24-ақпанда «Педагогикалық психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Бүгінгі қоғамдағы жастар келбеті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» орталығының директоры Калыбекова Жамал Дуйсембаевна, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар және студенттер қатысты.

Қазіргі қоғамда жастардың психологиялық дамуы, сапалы білім алуы және қоғамда өз орнын табуы сияқты өзекті мәселелер тұлғалық  қалыптасуға  әсер етеді. Орталық директоры Ж.Калыбекова бірнеше бағыттарда жүргізілетін жұмыстар: тұлғаны психологиялық диагностикалау және тексеру, әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі түрде қадағалау), көрсетілетін қызметтерді алушылармен психологиялық-профилактикалық жұмыс, психологиялық консультация беру, психологиялық түзету және т.б. туралы айтып өтті. Кафедра меңгерушісі Сматова К.Б., аға оқытушы Қарабекова А.Ж. жастардың мәдени-рухани өмірі, отбасы психологиясы, мінез-құлық стереотиптері, жанжалды қарым-қатынас және т.б. әлеуметтік,  психологиялық-педагогикалық мәселелер аясында өз пікірлерін білдірді. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады.

Осы орайда, пікірталасқа кафедра оқытушылары, студенттер мен магистранттар белсене қатысып, көкейкесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алды. Студенттер өз өнерлерін көрсетіп күй, терме, өлең шумақтарымен бөлісіп, кештің әсерлі өтуіне үлкен үлес қосты. 

Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінде балғындарға үміт сыйлайған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз»  институтының «Арнайы және әлеуметтік педагогика»  кафедрасының  аға  оқытушылары Э. Әміркенова  мен Г. Оралдың бастамашы болды. Көктемдей қоғамнан жылылық күткен бүлдіршіндер үшін осындай жан жадыратар сәттер аса керек.

Игі бастамаға  6 В01901 «Логопедия» мамандығында  оқитын 1-2 курстың студенттері атсалысты. Олар өнер көрсетіп,  әннен шашу шашып, балаларға шаттық сыйлады.

Оқытушылар мен студенттер бүлдіршіндерді ой-өрісін дамытуға  бағытталған  ойыншықтар мен  түрлі көрнекі  құралдар тарту етті.  Өз кезегінде бөбектер үйінің тәрбиеленушілері де  мерекеге орай  ертеңгілік кеш ұйымдастырып, мерекенің  сәнін келтіріп, өнерлерімен тәнтті етті. 

 «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы