Факультет жаңалықтары (Педагогика)

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 8 желтоқсанда 2021 жылы «Тарих және география» кафедрасы «Мұрагер» ғылыми-ізденіс үйірмесінің ұйымдастыруымен  «Рухани құндылықтар және Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шарамызға арнайы шақырылған қонақтарымыз 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан, ұлтым деп жанкештілікке барган халық қаһарманы Қайрат Рыскулбековпен Алматы қаласының Архитектура және құрылыс институтында бірге оқыған желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы,  сын сағатта елім деп алаңға шыққан  қайсар апамыз Иманкулова Света Үдербайқызы және университетіміздің ардагер ұстазы «Шет тілі» кафедрасының аға оқытушысы Испанкулова Гулайша Әшірханқызы, «Физкультура және спорт» кафедрасының аға оқытушысы желтоқсан оқиғасына қатысқан Қамысбаева Жанар Қалабайқызы, №9 мектептің ұстазы ауған соғысының ардагері Салыбеков Махмұд Әріпханұлы  қатысты. Сондай-ақ кафедра доценті Мырзабеков Бақыт Ормаханұлы, «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің аға кураторы Ибраимов Нұржан Лесбекұлы және Тараз қаласының №9 орта мектебінің 11 сынып оқушылары тарих пәнінің мұғалімі Рапилбаев Ержан Ізбасарұлының ұйымдастыруымен келіп қатысты. Дөңгелек үстел жұмысының барысында тарих мамандығының 1 курс студенті, үйірме мүшесі Қуанышов Жалғас «Рухани жаңғыру және ұлттық код» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама барысында өркениеттілікке ұмтылған егеменді ел, ең бірінші өзі туып өскен жерін сүюге, тарихын, мәдениетін біліп, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстануға, ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді жаңғыртып, санамызға тек адамгершілікті қасиеттер мен жұртымыздан қалған құндылықтарымызды бағалау аса маңызды екенін айта келіп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу тарихшылар алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі екендігі айтылып өтті. Сонымен қатар Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тұжырымдамасы аталып өтті. Дөңгелек үстел бағытын ары қарай желтоқсаншылар өз бастарынан өткен оқиғаны еріксіз еске ала отырып, жалғастырды. Олар желтоқсан оқиғасы туралы, оның қалай орын алғанын және сол кездегі жалынды жастардың бойындағы ыстық қайрат пен көздеріндегі оттан Отанына деген сүйіспеншілігін, махаббатын сезіндік дейді. Ештеңеден тайсалмаған жастар (ол кезде Брежнев алаңы) қазіргі Республика алаңында ызғарлы желтоқсанның суық желіне қарамастан Шәмші Қалдаяқовтың қазіргі әнұранымызға айналған  «Менің Отаным – Қазақстан» өлеңін  еш қаймықпай орындады деп еске алады. Желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы жатақхананың жертөлесінде жасырынып жасаған өз қолымен жазған лозунгтардың қазіргі таңда  Тараз қаласындағы Желтоқсаншыларға арналған музейде құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұрғанын айтып өтті. 

Аталған іс-шара өскелең жастарымыз бен мемлекетіміздің патриоттық ұрпағын тәрбиелеуде өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандандырып,  кешегі желтоқсанның ызғарлы желіне қарамастан ұлт мүддесі үшін алаңға шыққан белгілі азаматтардың есімдерін ұлықтау арқылы ұлтжандылыққа баулу аса қажет. Туған жерді қастерлеу, онан өніп-өсіп шыққан тұлғалардың жасампаздығын тарихта қалдыру ұлттық рухымыздың биіктігін көрсетері сөзсіз. Бұл іс-шарада №9 орта мектебінің оқушылары және тарих мамандығының 1, 2 курс үйірме мүшелері сұрақтар қойып белсенді қатысты. Тарих мамандығының 1 курс студенті үйірме мүшесі Қуандықов Әліби «Елдікке бастаған Егемендік» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама талқыланғаннан соң, 1986 жылғы оқиғаға байланысты видео фильм көрсетілді. Сонау 1986 жылғы сол есте қалар күн әрі бақытты, әрі қайғылы күн болды. Сол желтоқсанның ызғарлы күнінде болған оқиға ешқашан жадымыздан шықпайды, ұмытылмайды, ұмытуға қақымыз да жок. Дөңгелек үстел өте қызықты да әсерлі өтті. Іс-шара соңында мектеп оқушылары мен студенттер желтоқсаншыларға үлкен алғыстарын көрсетіп тағзым етті.  Ал іс-шара соңында үйірменің белсенді мүшесі Әшірхан Құттыбек жастардың гимнін орындап, жалындаған патриоттық сөздерімен іс-шарамызды аяқтады.

 «Мұрагер» үйірмесінің жетекшісі Идрисова Гүлжан Бердімбайқызы

Бүгін 2021 жылдың 8-желтоқсан күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті "Ұстаз" институтының ұйымдастыруымен «Таңдау. Мамандық. Болашақ» тақырыбында ашық есік күні жоғары деңгейде өтті.
Ашық есік күнінің мақсаты: мамандық таңдауда оқушылар бойында жауапкершілікті қалыптастыру; мамандық таңдауына көмектесу, кәсіби бағдар беру және психологиялық қолдау көрсету; жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын түсіндіру; университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен материалдық-техникалық базасымен таныстыру.Бүгінгі іс-шара барысын алғы сөзімен бастаған «Ұстаз» институты директоры э.ғ.к., доценті О.К.Джолдасова кәсіби бағдар беру жұмысының маңызын, оның мемлекет үшін алатын орнын және Финляндия мемлекетінің білім беру жүйесімен толық оқушыларға баяндап берді. Арнайы және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы Е.Б.Дүйсенбеков «Мамандықтар атласы» туралы кеңінен түсіндіріп өтті. «Сөйлеу дыбысы бұзылған баламен жұмыс» тақырыбында логопедиялық жұмысты «Дефектология» мамандығының 4-курс студенті  Қыдырқожа Әсем аса шеберлікпен көрсете білді. «Өзін-өзі тану – рухани-адамгершілік білім берудің ізгі жолы» тақырыбында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 4-курс студенттері өз мамандық ерекшеліктерін сахналық қойылым арқылы көрсете білді. Сахналық қойылым  идеясы мен сценариін жазған «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы меңгерушісі п.ғ.к., доценті Г.Е.Санай. 

Маркетинг және талапкерлерді рекруттеу бөлімі басшысы – қабылдау комиссиясының хатшысы М.К.Нурпеисов мектеп бітіруші түлектерге биылғы жылдың оқуға қабылдау туралы өзгерістерді, мемлекеттік грант және берілетін квоталарға байланысты кеңінен түсіндіріп, университет мамандықтарын таңдауға шақырды.

Оқу ғимараттардың материалдық-техникалық базасымен таныстыру барысында «Ұстаз» институтының барлық кафедралары өз орталықтары мен зертханаларын оқушыларға көрсетті. Сонымен қатар электронды ақпараттық кітапхана орталығы мен спортзалдары да көрсетілді.
Ашық есік күніне келген Байзақ ауданы, №4 лицейі, Тараз қаласынан №25, 42, 49 мектеп түлектері болды.
Алдағы уақыттарда кәсіби бағдар беру мақсатында ашық есік күндері мен қала, облыс аймағында да іс-шаралар жалғасын таппақ.

«Әлем тілдері» кафедрасы «Ұстаз» институты деңгейінде неміс тілінде жаңа-жылға арналған мерекелік іс-шара өткізді.  Студенттер ұйымдастырған концерттік бағдарлама көрермендерге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады. Ерекше нөмірлер, күтпеген тосынсыйлар, ойын мен күлкі, студенттердің жарқын киімдері және Аяз атаның сыйлықтары мерекелік той-думанның жақсы өтуіне себепші болды.

Сонымен қатар, шетелде, атап айтқанда Германия мен Польшада академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқып жүрген студенттердің  мерекеге байланысты жолдаған видеофильмдері өте тартымды болды, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік іс-шараның мақсаты тілін оқыған елдің тілі мен мәдениетімен терең таныстыру, кәсіптік бағдарлама жүргізу. Іс-шараға жауаптылар - кафедра аға оқытушылары Абилдаева Н.С., Ахметова М.К., Сейтқазиева С.Е. Мерекелік іс-шараның соңында сөз алған кафедра меңгерушісі Мұңатаева Э.М. барлық оқытушылар мен студенттерге өз алғысын жеткізді.

Тіршілігінде талантымен талай жырды туғызып, талайды тамсандырған Мұқағали қаламының қуатын, өлеңінің өміршеңдігін дәл болжап кеткен ақын. Оның жырлары жаңа ғасырда да ауыздан-ауызға көшіп, көңіл көкжиегінен түспей келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  «Ұстаз» институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы  ұйымдастырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толуына орай өткен «АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚЫН» атты әдеби кеш – соның бір айғағы.Әдеби іс-шарада ақынның жырлары оқылды. Ақынға өз арнауларын арнаған студенттер өз туындыларын көпшілікке паш етті. Ақынның өмір жолы мен әдебиеттегі орны туралы сұрақтар қойылып, келелі әңгіме өрбіді. Соңынан қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Абдықадырова ақынның шығармаларына тоқталып, іс-шараға белсенді атсалысқан қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.

Кез келген нәрсеге арнайы өлшеммен қарасақ, кәсіби тұрғыдан мамандарға жүктелер мақсат-міндеттердің кең ауқымын тізіп шығуға тура келеді. Балабақша тәрбиешісінің де жауапкершілігі жоғары. Алайда терминдік тұрғыдан емес, өзара қарым-қатынастар, бала мен тәрбиеші арасындағы байланысты мейірім, сенім дейтін сезімдермен байланыстырсақ, бүгін ХХІ ғасыр тәрбиешісі жүктелер міндеттің ауқымы кеңейе түседі.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасы ұйымдастырған «Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мамандарын даярлау» білім беру студенттерінің педагогикалық практикасы бойынша «ХХІ ҒАСЫР ТӘРБИЕШІСІНІҢ МИССИЯСЫ» атты республикалық онлайн-семинар да осы мәселелер сөз болды. Онлайн жиынға Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының балабақша әдіскерлері, тәрбиешілері және мектепалды даярлық топтарының педагогтары; профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қосылып, өзара пікір алмасты.

Студенттер педагогикалық практика нәтижесінде жинақтаған әдістемелік тәжірибелері туралы ой бөлісті. Оқытушылар педагог мәртебесі мен қоғамдағы рөлі мен  туралы ой қозғады.

Республикалық семинарда кең талқыланған тақырыптың бірі – студенттерді педагогикалық базаларға бөліну статистикасы және электронды портфолионың мүмкіншіліктері. Сондай-ақ онлайн форматта балабақшалардағы практикадан өтіп жатқан студенттердің сабағына «әдістемелік десант» әдісімен саяхат жасалды. Мектепалды даярлық топтарындағы жетекші  педагогтармен онлайн-сұхбат жүргізілді.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Зағира Қашқынбаева мұндай онлайн семинарлар арқылы практика базасындағы студент жетекшілерімен әдістемелік тәжірибе алмасуға жол ашатынын айтады. «Әрқашан пікір-ой алмастырудың пайдасы көп. Біз студенттердің оқу-тәрбие процесіне араласуына жіті бақылау жасап отырамыз. Ондағы мақсатымыз – барлық практика талаптарына сай іс-әрекеттерді атқаруына мүмкіндік туғызу», - дейді Зағира Қожабергенқызы.

2022 жылғы 24-ақпанда «Педагогикалық психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Бүгінгі қоғамдағы жастар келбеті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» орталығының директоры Калыбекова Жамал Дуйсембаевна, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар және студенттер қатысты.

Қазіргі қоғамда жастардың психологиялық дамуы, сапалы білім алуы және қоғамда өз орнын табуы сияқты өзекті мәселелер тұлғалық  қалыптасуға  әсер етеді. Орталық директоры Ж.Калыбекова бірнеше бағыттарда жүргізілетін жұмыстар: тұлғаны психологиялық диагностикалау және тексеру, әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі түрде қадағалау), көрсетілетін қызметтерді алушылармен психологиялық-профилактикалық жұмыс, психологиялық консультация беру, психологиялық түзету және т.б. туралы айтып өтті. Кафедра меңгерушісі Сматова К.Б., аға оқытушы Қарабекова А.Ж. жастардың мәдени-рухани өмірі, отбасы психологиясы, мінез-құлық стереотиптері, жанжалды қарым-қатынас және т.б. әлеуметтік,  психологиялық-педагогикалық мәселелер аясында өз пікірлерін білдірді. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады.

Осы орайда, пікірталасқа кафедра оқытушылары, студенттер мен магистранттар белсене қатысып, көкейкесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алды. Студенттер өз өнерлерін көрсетіп күй, терме, өлең шумақтарымен бөлісіп, кештің әсерлі өтуіне үлкен үлес қосты. 

Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінде балғындарға үміт сыйлайған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз»  институтының «Арнайы және әлеуметтік педагогика»  кафедрасының  аға  оқытушылары Э. Әміркенова  мен Г. Оралдың бастамашы болды. Көктемдей қоғамнан жылылық күткен бүлдіршіндер үшін осындай жан жадыратар сәттер аса керек.

Игі бастамаға  6 В01901 «Логопедия» мамандығында  оқитын 1-2 курстың студенттері атсалысты. Олар өнер көрсетіп,  әннен шашу шашып, балаларға шаттық сыйлады.

Оқытушылар мен студенттер бүлдіршіндерді ой-өрісін дамытуға  бағытталған  ойыншықтар мен  түрлі көрнекі  құралдар тарту етті.  Өз кезегінде бөбектер үйінің тәрбиеленушілері де  мерекеге орай  ертеңгілік кеш ұйымдастырып, мерекенің  сәнін келтіріп, өнерлерімен тәнтті етті. 

 «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы

«Балалардың сөйлеуі ғылыми құндылыққа ие болуы мен қатар өзінің әдеміліктерімен ерекшеленеді, өйткені оны зерттей отырып, біз балалар ойлауының таңғажайып заңдылықтарын ашамыз

К.И. Чуковский.

Білім беру үрдісінде логопедияны кіріктіру мектеп жасына дейінгі балалардың
әлеуметтенуіне оң ықпал етеді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында тиімді оқыту жүйесінде логопед жұмысы маңызды. Ол ең алдымен мектеп жасына дейінгі балалардың әр түрлі сөйлеу бұзылыстарын уақытылы анықтау, түзету жалпы білім беретін мектепке сәтті баруға бейімделуі үшін керек.

Менің «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілінің бұзылысын зерттеу және түзету ерекшелігін» зерттеу жұмысыма арқау етуім де сондықтан.

Себебі балалардың сөйлеу бұзылыстарын түзетуде логопед мамандарының рөлі тиімді және бүгінде әр ата-анаға қолжетімді.

Әрбір баланы мектептегі оқу және әлеуметтік ортаға еркін бейімделе алатындай жағдай жасау аса маңызды. Демек, қазіргі талап бойынша мектепке баратын балғындардың физиология жағынан мықты, еңбексүйгіш қасиеті мол, ерік-жігері күшті, білімге қызығушылығы мықты болуы қажет. Сондықтан ата-аналардың басты міндеті баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау. Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар балаға әріптерді және санауды үйретумен ғана шектеледі, ал баланың сөйлеу тілі бұзылысына аса мән бермейді.

Сөйлеу кемістігі бар балалардың қатары жылдан жылға артып келеді. 1970-1980 жылдары балалардың 25 пайызында ғана сөйлеу бұзылыстар анықталған. Бүгінде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары – 58 пайызды құрап отыр, әрі қарай өсіп отырғаны уайым туғызады. Халықаралық статистикаға сәйкес, сөйлеу бұзылыстары 7 жасқа дейінгі балалардың 17,5 пайызында кездеседі.

Балаларды 6 жастан бастап мектепте оқыту осы жаста сөйлеу бұзылыстарының таралуы туралы, балабақша бағдарламасын меңгеру ерекшеліктері туралы ақпараттың шұғыл қажеттілігін тудырды. Бұл ақпарат мұғалімдер мен логопедтерге және балабақша тәрбиешілеріне де тікелей қажет. Бұл бағыттағы зерттеулердің болмауы «Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеуінің дамымауы және оны жеңу» кітабының авторы М.Грушевскаяны сөйлеу тілі бұзылған мектеп жасына дейінгі балаларды өз бетінше зерттеуге итермеледі. Бұл ретте келесі міндеттер қойылды: айтылу бұзылыстарының таралуы мен сипатын, фонематикалық қабылдау деңгейін анықтау, сонымен қатар дыбыстық айтылуында кемшіліктері бар мектеп жасына дейінгі балалардың сауат ашу бағдарламасын меңгеруіне талдау жасау.

Баланың сөйлеуі бойының өсуімен және дамуымен бірге қалыптасады, дамудың әртүрлі қатардағы сатыларынан өтеді. Баланың сөйлеу тілінің бұзылуын анықтау теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызы зор мәселе болып табылады. Анықтау немесе диагностикалау барысында тек сөйлеу тілінің бұзылу түрі ғана анықталып қоймайды, сонымен қатар түзету логопедиялық жұмысын мақсатты, нәтижелі ұйымдастырудың жағдайлары анықталады.

Жалпы айтқанда диагностика – адамдарға нақты диагноз қоюға арналған олардың түлі ақау, ауруларын зерттеу, тексеру, анықтау.

Сөйлеу тілшінің диагностикалық іс-әрекеті – түрлі тексеру тәсілдерін пайдалану үрдісінде сөйлеу жүйесінің әртүрлі компоненттерінің бұзылуын анықтаумен қатар, оның сипаты, деңгейі, күрделілігі және болашақ мүмкіндігі анықталады.

Тексерудің басты мақсаттары мен міндеттеріне мыналар жатады: - ата-ана мен педагогпен әңгімелесу және құжаттармен танысу барысында баланың тәрбие жағдайын, дамуын анықтау; - жетекші іс әрекетінің деңгейін анықтап жас мөлшеріне сәйкестендіру; - танымдық процестерінің, эмоционалдық тұлғалық ерекшеліктерін анықтау – байланыс-тырып сөйлеуін анықтау; - тіл жүйесінің компоненттерін меңгеру деңгейін анықтау.

Логопедиялық тексеру барысында алынған мағлұматтарды жинақтап, талдап, сөйлеу тіл бұзылысын анықтағанда толығымен келесі қағидаларға сүйенеді: - даму қағидасы; - жүйелік; - сөйлеу тіл бұзылыстарын психикалық дамудың басқа жақтарымен байланысты қылып көрсету.

Логопедиялық тексеру барысында: анамнез жинау, артикуляциялық аппаратты тексеру, дыбыс айтуды тексеру, фонематикалық қабылдауын тексеру, фонематикалық талдау және жинақтауын тексеру, сөздік қорын тексеру, сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысын тексеру, байланыстырып сөйлеуін тексеру, сөйлеу тілін түсінуін тексеру, оқуы мен жазуын тексеру жұмыстары жүргізіледі және мәліметтерді саралап талдау арқылы, түзету жұмыстары жүргізіледі.

Грушевская М. С. өзінің зерттеуінде келесі тұжырымдар жасады:

  1. 6 жастағы балалардың арасында дыбысты айту мен фонемалық қабылдаудың айтарлықтай кемшіліктері бар.
  2. Айтылу және фонемалық қабылдау ақауларының болуы сауаттылық бағдарламасын нашар меңгеруге әкеледі.

Логопедиялық тексерудің бірнеше қағидалары белгілі:

Біріншіден, жүйелі тексеру қағидасы сөйлеу тілінің алуан түрлі компоненттерінің – дыбыстық, фонематикалық, лексикалық-грамматикалық, лексикалық, жағының жүйелі байланысына негізделген.

Екіншіде, кешенді ықпал – интеллектуалдық, танымдық, сөйлеу іс-әрекетінің мағлұматтары мен қатар көру, есту, қимыл сферасы, соматикалық жағдайы, жүйке жүйесінің ерекшеліктерін ескеру болып табылады.

Үшіншіден, іс-әрекеттік қағида аталған қағиданың іске асыру – түзету жұмысының мақсатын, бағытын анықтап, түзету тәсілдерін, жұмыс барысында қолданатын іс-әрекет түрлерін анықтауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, динамикалық тексеру қағидасы – баланы оқыту процесінде бақылап, тексеріп оның потенциалдық мүмкіндіктерін анықтауды көздейді.

Бесіншіден, онтогенетикалық қағида – тексеру және түзету жұмысын ұйымдастыруда баланың онтогенезде сөйлеу тілінің, психикалық даму заңдылығын ескеру.

Алтыншыдан, сөйлеу тіл бұзылысын тексеру және түзету жұмысы барысында алынған мәліметтерді сапалы талдау қағидасы динамикалық тексеру қағидасымен тығыз байланысты.

Барлық аталған қағидалар өзара тығыз байланысты және бұл қағидалар түзету жұмысында кеңінен қолданылады.

Баланың сөйлеу тілін тексермес бұрын ата-аналармен әңгімелесу арқылы балаға байланысты анамнез жинақтау – баланың қандай аурумен ауырғаны, жарақаттанғандығы және сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына зиянын тигізетін тәрбие жағдайы анықталады.

Сөйлеу тілі ақаулығының шығу себебін дұрыс анықтау үшін, логопед ата-аналардың берген мәлімдемелері арқылы баланың сөйлеу тілінің қалай дамығандығын көз алдына елестету қажет. Сондықтан, баланың тілі неше жасынан бастап шыққаны, бірінші сөзді қай уақытта айтқаны және сөздің басын құрап сөйлеуді қашан бастағаны, одан ары қарай сөйлеу тілінің дамуы, мектепке балалардың алдына оның сөздік қорының және грамматикалық құрылысының қалыптасуы туралы мәліметтерді ата-аналардан сұрай отырып жинау керек. Әңгімелесу кезінде баламен күнделікті араласып жүрген адамдардың тілдерінің дамуындағы деңгей шамалары жайында, олардың арасында сақаулары және бірнеше ұлттың тілдерін араластырып сөйлейтіндерінің бар немесе жоқтығын, сонымен бірге, баланың сөйлеу тілінің дұрыс дамып қалыптасуына ортаның қандай ықпал тигізгендігін анықтайды.

Анамнез жинау барысында сөйлеу тілінің, моторикасының ерекшеліктері туралы деректер логопедке баланың жағдайын дұрыс бағалауға, сосын логопедиялық түзету жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда ең маңыздысы, баланың өзінің сөйлеу тілінің ақаулығын түсінуі және оған баланың өзінің көзқарасы қандай, яғни уайымдай ма соны білу қажет. Ересек мектепалды даярлық топтарда нашар сөйлейтін балалар өзінің кемшілігін өте тез ұға бастайды. Олар ұялшақ, шешім қабылдай алмайтын, тұйық болып келеді. Сол себепті толымсыздық комплекстері жетіле бастайды, үлгерімі төмендейді, коммуникациялық белсенділігі нашарлайды. Осымен қатар, сөйлеу үшін есту қабілеті өте маңызды фактор. Есту қабілеті төмен болса, сөйлеудің дамуына кедергі клтіреді. Көру анализаторлары өте үлкен қызмет атқарады, себебі бала ықыласпен сөйлеуде тіл және ерін қозғалысын бақылай отырып, оларды қайталауға, артикуляциялық қозғалысқа еліктеуге тырысады.

Сөйлеудің қалыптасуы балаға тыңдау мен дыбыстарының дыбыс қабылдауының дамуына себеп болатын дыбыстық музыкалық ойындар, жаңылтпаштар, жұмбақтар ұрпағымыздың тіл байлығын жетілдіруде зор қызмет жасайтыны рас.

Баланың сөйлеу дамуы саусақ жаттығуларының дамуымен, әсіресе қол саусақтарының ұсақ моторикаларымен тығыз байланысты. Сондықтан дәнді-дақылдармен, сіріңкелермен, мозаика, түймелермен ойнатуға тырысу керек.

Баланың сөйлеуінің бұзылуына биологиялық, психологиялық факторлар, сондай-ақ қоршаған ортаның келеңсіз жағдайлары себеп болады.

Мысалы биологиялық факторды қарастырсақ кейбір жаңадан туылған балаларда тіл асты жүгеншегінің (уздечка) қысқа болуы кездеседі. Жағдайлардың жартысына жуығында баланың ата-анасының бірінен қысқа тілдік жүгеншек балаға  мұра болады. Қысқартылған тіл асты байламның тұқым қуаламайтын жағдайлары бірінші триместрде, тіс жақ системасының қалыптасуы кезінде эмбрионға зиянды әсер етуі мүмкін. Этиологиялық факторларға жүктілік токсикозы, әйелдің вирустық аурулары, дәрі-дәрмектерді қабылдау (салицилаттар, антибиотиктер, сульфаниламидтер және т.б.), стресс, кәсіптік қауіпті әсерлер (бояулармен, лактармен, химиялық реагенттермен жұмыс істеу) және т.б. жатады. 35 жастан асқан аналардан туған балаларда дамудың кішігірім ауытқулары жиі кездеседі. Жалпы, балада тілдің қысқа жүгеншегінің пайда болу себептері толық зерттелмеген.

Баланың жүгеншегінің  қысқа болуы – тіл астындағы буынның қысқа боп жаралуы, ол тілдің толықтай қозғалуына кедергі келтіреді, нәтижесінде бала кей әріптерді дұрыс айтпайтын болады. Баланың тіл асты жүгеншегі қысқа болса, емуі де бұзылады, тіс қатарын да жылжытады, астыңғы мен үстіңгі тістері өсе келе бір-біріне тура келмеуі мүмкін. Қанжел (пародонтит), гингивит мәселелерін туғызады.

Бұл ақау ауыз қуысына үңілгенде бірден көзге көрініп тұрады. Оны емдеудің екі жолы бар. Біріншісі – консервативті (артикулыциялық жаттығу арқылы буындарды созу); екіншісі – хирургиялық (френулотомия).

Хирургиялық әдіс:

- Мәселені тез, түбегейлі шешу.

- Операция анестезияны қолдану арқылы жасалады.

- Емдеу процесі белгілі бір уақытты алады және ыңғайсыздық тудырады.

- Хирургиялық араласуға байланысты тамақтану шектеулері.

- Бірнеше күн бойы дауыстық тыныштықты сақтаған жөн.

- Балада психологиялық жарақат болуы мүмкін.

- Операциядан кейін дыбысты айтуды түзету үшін логопедпен жұмыс жасау қажет.

Үлкен топта жүгеншек қалың болған кезде, тілдің жүгеншегінің пластикасы (френулопластика) қажет болуы мүмкін - жүгеншекті бөлшектеу және оның бекітілу орнын ауыстыру. Тілдің қысқа жүгеншегін хирургиялық түзетуден кейін балаға (мектеп жасына дейінгі балаға, оқушыға) стереотиптік сөйлеу дағдыларын жеңу және дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін логопедпен сөйлеуді дамыту сабақтары қажет; миогимнастика – тыртықтардың пайда болуын болдырмау үшін.

Жүгеншекті созу әдісі:

- Консервативті, балада психологиялық қиындықтар туғызбайды.

- Көп жағдайда тиімді.

- Ол әдеттегі өмір режиміне өзгерістер енгізуді қажет етпейді.

- Белгілі бір уақытты алады (бірнеше ай).

- Тәртіп пен тұрақты сабақтарды қажет етеді.

Тіл астындағы қысқа жүгеншекті логопед пен тіс дәрігерімен кеңескеннен кейін орындалатын арнайы жаттығулардың көмегімен созуға болады.

Тіл асты жүгеншекті созуға арналған жаттығулар мүмкіндігінше жиі, күніне 10 рет орындалады. Әйтпесе, қажетті әсерге қол жеткізу қиын болады және хирургиялық жолмен жүгеншекті кесу үшін тіс дәрігерімен байланысуға тура келеді.

Артикуляциялық жаттығу дегеніміз не? Ол балалардың дыбыстарды дұрыс айта білуіне көмектесетін жаттығу түрі. Артикуляцияны дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады. Артикуляциялық жаттығудан бұрын алдымен тыныс алу жаттығуы жасалады, сонда бала бірінші аузын жауып мұрнымен терең дем алады да, содан кейін аузын ашып жайлап дем шығарады.

Қысқартылған тіл асты жүгеншекті дамытуға арналған артикуляциялық жаттығулар:

  1. «Күлкі»: Үстіңгі және астыңғы тістер көрінетіндей күлу; 20-ға дейін санау.
  2. «Жылқы»: Үстіңгі және астыңғы тістер көрінетіндей күлу; Ауызды кеңірек ашу; Тілмен таңдайды баяу қағу. Иек қозғалыссыз болуы керек (айна алдында бақылау)!
  3. «Саңырауқұлақтар»: «Ат» жаттығуы – тек өте баяу; «Ат» «секірді және кептелді» - тілді бүкіл бетімен таңдайға жабыстырыңыз; Тілдің осы жоғарғы орнын 5-ке дейін санап ұстап тұру.

Дыбыс айту жаттығулары артикуляциялық жаттығулар орындалған соң ғана жасалады. Алдымен бала жеке бір дыбысты ғана айтып үйрену керек, содан кейін жеке буында айтып үйрену керек, содан кейін сөзде, кейін сөйлемде айтып үйрену қажет.

Жалпы сөйлеу тілін дамыту барысында артикуляциялық жаттығуларды жасау арқылы балаға 1 дыбысты қойған сәтте басқа бірнеше дыбыстар жоғалып кетуі мүмкін. Осы мәселені дыбысты қойған кезде ұмытпаған жөн.

Дыбысты ауыстыру дегеніміз – бұл бір нормативті дыбысты екіншісінің орнына үнемі қолдану. Бұл бұзушылықты логопед айтылымды тексеру және фонематикалық тыңдау кезінде анықтайды. Қажет болған жағдайда отологиялық диагностика жүргізіледі. Түзету жұмыстары артикуляциялық тәжірибені қалыптастыруға, сөйлеу, есту, аналитикалық және синтетикалық белсенділікті дамытуға, аралас дыбыстарды саралауға (дифференциация) бағытталған.

Сөйлеу дыбыстарын ауыстыру және араластыру немесе бір-бірін ауыстыру дегеніміз –

 бұл фонемалық (сенсорлық, фонологиялық) ақаулар. Әдетте фонемалық есту қабілетінің толық болмауына немесе бұзылуына байланысты болады.

Ауыстыру құбылысы дислалияның артикуляциялық-фонемалық және акустикалық-фонемалық формасына тән.

Басқа тілдік бұзылулардан туындаған айтылу қателерін түзету келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

* ауыстырылатын дыбыстардың артикуляциясын нақтылау;

* фонемалық қабылдауды дамыту.

* дыбыстық талдау және синтез дағдыларын дамыту.

* сөйлеу дыбыстарының сараланған қабылдаудын дамыту.

Әсер ету әдістерінің ішінде логопедия, артикуляциялық гимнастика, саусақ гимнастикасы және массаж логотипі қолданылады. Тілдің тек дыбыс жағына ғана емес, сонымен қатар, басқа компоненттерге де әсер ететін ауыр патологиялары жағдайында барлық бұзылған процестер бойынша жұмыс жүргізіледі.

Қате тістеуді түзету әртүрлі әдістермен жүргізілуі мүмкін. Бұл бұзылыстың түріне, жасына, мәселенің ауырлығына байланысты. Мектепке дейінгі жаста функционалды ортодонтиялық аппараттар мен миогимнастика кеңінен қолданылады. Тұрақты тістеу кезінде емдеу брекеттермен, каппалармен жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда ортогнатикалық операциялар жасалады.

Есту қабілеті бұзылған адамдардың реабилитациясы есту аппараттарының көмегімен жүргізіледі. Есту аппаратын таңдап, реттегеннен кейін мұндай балаларға керең-мылқау және логопедтің сабақтары қажет.

Қорытындылай келе, сөйлеу тілінің бұзылысын тексеру, түзету арқылы балалардың тілдік сөйлеу байланысы жақсарады. Нәтижесінде балалардың тілі қимыл – қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды, және мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтенуіне оң ықпал етеді.

Әсия Ойшиева,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтының

логопедия мамандығының 4 курс студенті.