М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Академиялық кітапханалардың дамуындағы заманауи үрдістер» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Биылғы басқосу «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және ұлттық AI-SANA бағдарламасы» тақырыбына арналып, цифрландыру мен жасанды интеллекттің кітапхана ісін дамытудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Конференцияның мақсаты – академиялық кітапханалар қызметін жаңғырту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытында отандық және шетелдік мамандар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Басқосуға Түркия, Қытай, Ресей, Беларусь және Өзбекстаннан келген халықаралық ұйымдар, ғылыми баспалар, ақпараттық платформалар және университет өкілдері қатысты.
Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева алғы сөз алып, академиялық кітапханаларды цифрлық трансформациялау үдерісі уақыт талабы екенін атап өтіп, заманауи ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді енгізу білім беру сапасын арттыруға және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін күшейтуге ықпал ететінін жеткізді. Ректор кітапханалардың тек ақпарат сақтау орны ғана емес, білім мен ғылымды біріктіретін зияткерлік орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті. Ректор бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
Конференция барысында академиялық кітапханалардың бүгінгі таңда дәстүрлі білім сақтау орталығынан білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісіне тікелей кіріктірілген интеллектуалды орталықтарға айналып келе жатқаны талқыланды. Сондай-ақ, цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық ғылыми дерекқорларға қолжетімділікті кеңейту және жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы ақпарат іздеу, талдау және ғылыми қызметті сүйемелдеудің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, университеттік кітапханалардың ақпараттық сауаттылықты дамытудағы, ғылыми жарияланым белсенділігін арттырудағы және зерттеу нәтижелерінің халықаралық дерекқорларда көрінуін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше атап өтілді. Дулати университетінде кітапхана-ақпараттық инфрақұрылымды дамыту білім сапасы мен ғылыми зерттеулерді жетілдірудің негізгі факторы ретінде қарастырылады.
«EDP Hub - Kazakhstan» компаниясының директоры Сергей Иванов сөз алып, жаңа технологияларды енгізу кітапхана қызметін жетілдіріп, ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдететінін сөз етті. Сонымен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ғылыми ақпаратпен жұмыс істеудің сапасын арттырып, білім беру үдерісіне тың серпін берететінін тілге тиек етті.
Конференцияның маңызды мәдени оқиғаларының бірі – қазақтан шыққан, әлемдік сән индустриясында ерекше із қалдырған Алла Ильчунның 100 жылдығына арналған «QAZAQ FASHION» кітабының тұсаукесері болды. Алла Ильчун әйгілі Кристиан Диордың музасы болған, ал оның өмірі мен шығармашылығы халықаралық сән индустриясының тарихында маңызды орын алады. Франциядағы қазақтар қауымдастығының президенті, экономист және Forbes.kz журналының әрі «QAZAQ FASHION» кітабының авторы Берлин Иришев арнайы қатысып, кітаптың халықаралық деңгейдегі маңызын атап өтті. Өз сөзінде, аталған туынды қазақ мәдениетінің әлемдік сән индустриясындағы орнын айқындайтын маңызды еңбек екенін жеткізді. Ол Алла Ильчун мұрасының халықаралық деңгейде насихатталуы зор жетістік екенін айтты.
Кітаптың лентасын Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, «EDP Hub - Kazakhstan» компаниясының директоры Сергей Иванов және Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және мұрағат бөлімінің басшысы Шалхар Амантуров қиды.
Онлайн форматта Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелерінің халықаралық федерациясының (IFLA) президенті Лесли Уир сөз алып, кітапхана саласының жаһандық деңгейдегі даму үрдістеріне тоқталды. Ол қазіргі таңда кітапханалардың цифрлық трансформациясы мен ашық ғылым қағидаттарын ілгерілетудегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударып, IFLA аясындағы бірлескен бастамалар мен жобалар кітапханалардың әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.
Конференция барысында заманауи ақпараттық ресурстар көрмелері ұйымдастырылып, қатысушыларға цифрлық кітапханаларға арналған бағдарламалық өнімдер, электронды дерекқорлар, автоматтандырылған жүйелер және инновациялық платформалар таныстырылды. Көрме барысында кітапхана қызметін цифрландыруға арналған соңғы технологиялық шешімдер көрсетіліп, қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл көрме кітапхана саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен халықаралық тәжірибені кеңінен көрсету алаңына айналды.
Конференция соңында кітапхана саласын дамытуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланып, жаңа технологиялық шешімдер ұсынылды.










