Университет қабырғасында «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының жаңа жобасы мен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға арналған «Конституция – әділет пен парасат жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесу мақсаты – ұстаздарға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстыру және талқылау.
Басқосуға «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушылары Асқар Қадырқұлов және Айнұр Нарымбаева спикер ретінде қатысып, Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын жан-жақты түсіндірді.
Талқылау барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, білім мен ғылымды, инновация мен цифрландыруды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілетіні айтылды.
Ашық пікір алмасу форматында өткен дөңгелек үстел қатысушыларға өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын еркін білдіруге, Конституциялық реформаларды терең түсінуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға мүмкіндік берді.



