Жаңалықтар

ДУЛАТИ СТУДЕНТІ РИМДЕГІ ПРЕМЬЕР-ЛИГАДА ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ!

12–16 наурыз аралығында Италия мемлекеті Рим қаласында каратэден (WKF) өткен бүкіл әлемдік рейтингілік халықаралық Премьер-лига турнирінде Дулати университетінің 1-курс студенті Мирас Әбдіқадыр қола жүлдеге ие болды.

Спортшы 60 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, жарыс қорытындысы бойынша 3-орынды иеленді. Қола медаль үшін өткен шешуші кездесуде ол Түркиялық каратэші Бурак Өздемирді 4:3 есебімен ойсырата жеңді.

Айта кетейік, ересектер арасындағы халықаралық жарыстарға жақында ғана қосылған Мирас бұл турнирде жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсете білді.

Римдегі Премьер-лига турнирінде 66 мемлекеттен 384 спортшы бақ сынады. Келесі Премьер-лига кезеңі сәуір айында Қытайда өтеді.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, 3-орынға тұрақтады.

Мирас Әбдіқадырды және оның бапкерлерін жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!