Университет қабырғасында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева Астана қаласында орналасқан «UNIT LLC» ЖШС директоры Айдос Жұманазарды қабылдады.
Кездесу барысында екі тарап білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған екіжақты меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен білім беру жобаларын іске асыруды және заманауи цифрлық технологиялар арқылы дарынды талапкерлерді іріктеуді көздейді.
Келісім аясында Дулати университеті «UNIT LLC» ұйымдастыратын олимпиада, байқау немесе өзге де конкурстар нәтижесінде іріктелген үміткерлерге 100% оқу ақысына жеңілдік ұсынатын болады. Бұл бастама дарынды жастарды қолдауға және олардың сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған.
Өз кезегінде, «UNIT LLC» ЖШС университет үшін олимпиадалар мен іріктеу іс-шараларын ұйымдастыру мақсатында «Eduser online» цифрлық платформасын ұсынуды, түрлі шаралардың тиімді өтуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпараттық және техникалық қолдау көрсетуді өз міндетіне алды.
Тараптар бұл меморандумды ұзақ мерзімді әріптестіктің негізі ретінде қарастырып, болашақта бірлескен жобалар мен бастамалар аясын кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Құжат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жасалып, өзара сенім, ашықтық және тең серіктестік қағидаттарына негізделген.
Кездесу соңында алдағы жоспарлар легіне жан-жақты талдау жасалып, еліміздің білім саласындағы даму жолында қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды. Қонақтарымыз университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенімдерін білдірді.




