Жаңалықтар

ҚОЛӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТ ТОҒЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Тараз қаласында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық қолөнершілер фестивалі өтті. Ауқымды мәдени шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, қала әкімі Бақытжан Орынбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, халықаралық ұйым өкілдері және шетелдік қолөнер шеберлері қатысты.

Фестиваль  мақсаты – ұлттық қолөнерді насихаттау, дәстүрлі өнерді дамыту және өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныту.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз алып,  Тараз қаласының көне өркениет орталығы ретіндегі орны мен қолөнердің мәдени-экономикалық маңызын атап өтті. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңын кеңейту, жас шеберлерді қолдау және қолөнер саласына инвестиция тарту бағытындағы жоспарлар таныстырылды. Өңір басшысы бірқатар шеберлерді марапаттап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қонақтар арнайы ұйымдастырылған қолөнер көрмесін, Қолөнер және туризм орталығын аралап, этно-мәдени кешен аумағында тігілген киіз үйлер экспозициясымен танысты. Көрмеде қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы кеңінен қамтылып, киіз басу, ағаш ою, тері өңдеу, зергерлік бұйымдар жасау сияқты өнер түрлері ұсынылған.

Фестивальға Дулати университеті де белсенді түрде қатысып, «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде арнайы киіз үй экспозициясын ұйымдастырды. Киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, жарықтандырылып, ішкі көрме аймағы «Қазақтың қолөнері мен тұрмыс салты» тақырыбында жасақталды. Мұнда киіз және тоқыма бұйымдары, тұрмыстық заттар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, ат әбзелдері мен көшпелі мәдениетке қатысты құнды экспонаттар қойылды. Сонымен қатар, «Жамбыл ұрпақтары» тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылып, студенттердің шығармашылық концерттік бағдарламасы ұсынылды. Өнерпаздар ұлттық би және музыкалық нөмірлер арқылы қазақ мәдениетінің бай мұрасын көрермен назарына ұсынды.

Екі күнге созылатын халықаралық фестиваль бағдарламасында шеберлік сабақтары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, сән көрсетілімі, гала-концерттер және қолөнер жәрмеңкелері өтеді. Биылғы шараға үш мемлекеттен келген 30-дан астам қолөнерші қатысып отыр.