Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді. Басқосу барысында жоғары білім беру жүйесін дамыту, оқу үдерісінің сапасын арттыру және университеттің стратегиялық бағыттары талқыланды.
Кездесуде ел көлемінде өтіп жатқан маңызды саяси үдерістер мен алдағы республикалық референдум шеңберіндегі өзекті мәселелер қозғалды. Ректор Ата Заңда білім мен ғылым саласына айрықша мән берілгенін атап өтіп, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мемлекет дамуына серпін беретінін жеткізді. Университет ұжымы қоғамдағы жауапты кезеңдерде белсенділік танытып, республикалық референдумға қатысу қажеттілігі айтылды.
Жиын барысында оқу бағдарламаларының мазмұны мен тиімділігіне жан-жақты талдау жасалды. Білім беру бағыттарының еңбек нарығына сәйкестігі, академиялық жүктемені оңтайландыру мәселелері сөз болды. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету де күн тәртібінен тыс қалмады. Қосымша қаржы көздерін тарту, инвесторлармен әріптестік орнату, өңірдегі кәсіпкерлік құрылымдардың сұранысына сай мамандар даярлау арқылы университеттің экономикалық әлеуетін арттыру тетіктері талқыланды.
Сонымен қатар, ғылым саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Университеттің халықаралық беделін көтеру мақсатында инновацияларды білім беру үдерісіне кеңінен енгізу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобаларды ұлғайту қажеттігі айтылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, заманауи технологияларды енгізу, студенттердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту – алдағы кезеңнің маңызды міндеттері ретінде айқындалды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру сапасын арттыру, ғылыми жобаларды кеңейту және инновациялық бастамаларды жүзеге асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында факультетті дамытудың негізгі басымдықтары анықталып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарлары бекітілді. Университет ұжымы білім мен ғылымды ұштастыра отырып, сапалы кадр даярлауды және қоғамның сұранысына сай жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.



