Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде жас сайлаушыларға арналған форум ұйымдастырылды.

Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, Облыстық және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының директорлары, қалалық және аудандық Жас сайлаушылар клубының мүшелері, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлық қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық Қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, қоғам белсіндісі Қасымхан Төлендиев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және білім беру ұйымдарының студенттері қатысты. Қатысушылар саны 600-ге жуық адамды құрайды.

Форум басында университет фойесінде сайлау учаскесінің үлгілік көрінісі ұйымдастырылып, дауыс беру процесі, учаскенің материалдық-техникалық жарақтандырылуы және жас сайлаушыларға жасалатын жағдайлар таныстырылды.

Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Сайлау тарихы» атты театрландырылған қойылымымен жалғасты.

Форумда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, жастардың ел дамуы мен болашағындағы маңызды рөліне тоқталып, олардың азаматтық белсенділігін арттырудың маңызын атап өтті.

Форум барысында Жастар ресурстық орталығының директоры, Жас сайлаушылар клубының төрағасы Айбек Амансейітұлы, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айнур Шайзханқызы, «Мүгедек жастар қоғамы» ҚБ төрайымы Айгерім Даулетбаева, Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығы директоры Мади Жәнібекұлы сөз алып, жастардың саяси белсенділігін арттыру, азаматтық жауапкершілікті күшейту, инклюзияны дамыту және сайлау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мен ұсыныстарын ортаға салды.

Форум аясында жастарға арналған блиц-викторина өткізіліп, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Әдеби Жігіттер» жайдарман тобы саяси және әлеуметтік тақырыптағы әзілдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылар арасында QR-код арқылы онлайн сауалнама жүргізілді.

Форум барысында Тараз қаласы мен аудандарда өткен Жас сайлаушылар клубы форумдарының қорытындылары шығарылып, үздіктер Бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орын номинациялары бойынша марапатталды. Белсенді жастарға облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хаттары табысталды.

Қорытынды сөз сөйлеген Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы жастардың саяси мәдениетін көтерудегі атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын жеткізді.

Форум музыкалық нөмірлермен қорытындыланып, қатысушылар естелік суретке түсті. Жас сайлаушыларға арналған танымдық-семинар форматындағы форум арқылы Жамбыл жастарының саяси мәдениетке деген қызығушылығының артып келе жатқаны көрсетілді.